Яхталар, жел электр станциясы және қой еті: Қазақстан мен БАӘ-ні не біріктіреді
11-12 мамыр күндері елімізге Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян ресми сапармен келеді. Kazinform тілшісі сапардың маңызы мен екіжақты қатынастың даму бағдарын сараптап көрді.

Тақ мұрагерінің Қазақстанға ат басын бұруы – Астана мен Әбу-Даби арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды қадамы. Осы арқылы қос тарап сенім мен құрметке негізделген өзара іс-қимылды жалғастыруға бейіл. Келіссөздер барысында саяси-экономикалық және инвестициялық мәселелердің болашақ даму әлеуеті талқыланады деп күтілуде. Сапар қорытындысы бойынша екі мемлекет арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Тақ мұрагері: БАӘ дамуындағы негізгі рөл
Шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян – БАӘ Президенті, Абу-Даби әмірі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның тұңғыш ұлы. 1982 жылы 8 қаңтарда Әбу-Дабиде дүниеге келген. Жары Фатима бинт Сурур Әл Нахаян екеуі төрт бала тәрбиелеуде. Саясатта белсенді, стратегиялық реформаларға араласатын ел басшылығының жаңа буынын саналады.
Мұрагер Аризона мемлекеттік университетін (саясаттану бойынша бакалавриат) және Джорджтаун университетін (халықаралық қатынастар бойынша магистратура) бітірген. Оған қоса Лондон Корольдік колледжінде әскери ғылым докторы дәрежесін алып, әлемдік көшбасшыларын даярлайтын Сандхерст Корольдік әскери академиясында (Ұлыбритания) әскери даярлықтан өткен.

2016 жылдан бастап шейх Халед ұлттық қауіпсіздік саласында бірқатар жоғары лауазымда болды, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік басшысы және БАӘ ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісінің орынбасары қызметтері бар. 2023 жылы наурызда Әбу-Дабидің Тақ мұрагері атанып, Әмірліктің Атқарушы кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
Қазір экономика мен ғылыми зерттеу секторын бақылайды. ADNOC энергетикалық корпорациясы, БАӘ геномика жөніндегі кеңесі мен ATRC озық технологиялар жөніндегі кеңесіне жетекшілік етеді. Жоғары технологиялар, орнықты өсу саласында жетекші саясаткердің бірі. Маңызды бастамаларының қатарына құны 50 млрд дирхам тұратын Ghadan 21 бағдарламасын, Hub71 технологиялық хабын, Геномның ұлттық стратегиясы мен Әбу-Дабидің 2031 жылға дейінгі өнеркәсіп стратегиясын жатқызуға болады.
2023 жылы наурызда Әбу-Дабидің Тақ мұрагері атанған сәттен бастап шейх Халед бірқатар маңызды шетелдік іс-шараға қатысты. Есте болса, өткен айда Біріккен Араб Әмірліктерінің атынан Рим Папасы Францискті жерлеу рәсіміне қатысқан болатын. Бразилиядағы G20 саммитіне қатысып, онда Египет президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси және Франция президенті Эммануэль Макронмен, Италия премьер-министрі Джорджа Мелонимен және ОАР президенті Сирил Рамафосамен келіссөз жүргізгенін білеміз. 2023 жылы қыркүйекте ресми сапармен Үндістанда болып, премьер-министр Нарендра Модимен кездесті.
Саяси диалог
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылы 1 қазанда орнаған еді. 2006 жылы Әбу-Дабиде Қазақстанның елшілігі ашылса, ал одан бір жыл бұрын Астанада Біріккен Араб Әмірліктерінің елшілігі ашылды. Бүгін екі елдің дипломатиясын Төтенше және Өкілетті Елшілер Мадияр Меңілбеков пен Мұхаммед Саид Мұхаммед әл-Арики табысты жүргізіп келеді. 30 жылдам астам уақыт ішінде еларалық қарым-қатынас өзара көмек пен тиімді алыс-беріс аясында дамғанын көріп отырмыз.

Қазір Қазақстан мен Әмірліктердің екіжақты іс-қимылын реттейтін шарттық-құқықтық база қалыптасты. Жүзден астам құжаттан тұратын ауқымды келісім саяси-экономикалық серпіліске сеп болғаны жасырын емес. Келісімдерде барлық бағыт қамтылған: сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы: инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы; қосарланған салық салуды болдырмау туралы; сотталған адамдарды беру туралы; сондай-ақ азаматтық және коммерциялық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттар бар.
Әрине, мұндай жоғары саяси байланыс үшін мемлекет басшыларының жеке жүздесуі, тікелей тапсырмасы шешуші рөл атқаратыны анық. Бұл орайда қарқынды қадам байқалады. Мысалы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-ге 2020 және 2023 жылдары ресми сапармен, 2022 және 2023 жылдары жұмыс сапарымен барды. Әмірліктер тарапы да қалыс қалған жоқ, 2018 жылы шілдеде БАӘ-нің қазіргі президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанға келді.

Халықаралық аренадағы қолдау
Қазақстан мен БАӘ-ның халықаралық аренадағы ортақ тұсы көзқарас жақындығында жатыр. Қос мемлекет егемендік, аумақ тұтастығы және ішкі істерге араласпау қағидаттарына берік.
Достас ел Астананың сыртқы саясаттағы бастамаларының қолдаушы. Қазақстанның АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Азық-түлік қауіпсіздігі ислам ұйымындағы бірқатар идеясының жүзеге асуына септесті.
Экономикалық ынтымақтастық
Экономика Қазақстан-Әмірліктер арасындағы қарым-қатынастың негізгі тірегі саналады. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының дерегіне сенсек, өткен жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 277,4 млн АҚШ долларын құрады. Өкініштісі, Қазақстан экспортының үлесі кеміген – өткен жылы 131,1 млн АҚШ долларына әзер жетті (2023 жылы – 209,5 млн АҚШ доллары). Бұған шикі мұнай мен мыс тасымалының уақытша тоқтауы себеп болған көрінеді.

Дегенмен, импорт бойынша оң динамика бар: 2024 жылы БАӘ-ден Қазақстанға 146,3 млн АҚШ долларының өнімі келген, яғни 2023 жылдан 25 пайызға жуық жоғары. Әмірліктер импортының дені – құбыр мен мұнай өнімдері, қозғалтқыштар, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп тауарлары.
Ал Қазақстанның экспорт позициясында күміс, инертті газ, қой еті мен бұршақ дақылы көш бастап тұр. Жаңа экспорт номенклатурасының да ауқымы кеңеюде: БАӘ-ге қазақстандық яхта, тыңайтқыш және болат бұйымдар жөнелтілді.

Орайы келгенде инвестициялық жобаларды баса айтқан жөн. 2005-2023 жылдары аралығында Әмірліктер Қазақстанға 3,7 млрд АҚШ долларына тең тікелей инвестиция құйған. 2022 жылдың өзінде көрсеткіш 416,7 млн АҚШ долларына теңесті. Белсенді инвесторлардың қатарында жаңартылатын энергетика, цифрландыру және логистикалық инфрақұрылым салаларындағы жетекші ұйымдар – Mubadala, Masdar және ADQ секілді компаниялар бар.
БАӘ ақпарат кеңістігіндегі хабарға сүйенсек, шейх Халедтің сапары барысында Қазақстан үкіметі мен Masdar компаниясы арасында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу туралы келісімге қол қойылмақ. Жоба Орталық Азиядағы «жасыл энергетика» саласындағы ірі бірлескен бастамаға айналуы мүмкін.

Гуманитарлық және мәдени байланыс
Қазақстан мен БАӘ арасындағы рухани үндестік бұрыннан байқалады. Әсіресе, мәдени жақындықтың жөні бөлек. Тараптар гуманитарлық бастамаларды жүзеге асырып, білім беруді белсенді дамытуда. Әмірліктерде Қазақстанның мәдени апталығы, «Астана Балет» театрының қойылымы, көрме мен қолөнер жәрмеңкесін өткізу дәстүрге айналған. 2023 жылы Астанада Мұсылман ақсақалдар кеңесінің филиалы ашылса, бұның алды Әбу-Дабиде «Абай» мәдени залы мен «Әлем балалар көзімен» көрмесі ашылды.
Екіжақты тарихтың жаңа парағы 2019 жылы басталғандай. Сол жылы БАӘ-нің тұңғыш ғарышкері Байқоңыр ғарыш айлағынан аспан әлеміне бет алды. Мұндай қатынас екі елдің ғарыш саласындағы ынтымақтастығын жаңа арнаға бұрып, ұзақжылдық серіксестікті бекемдей түскендей.
Айта кетейік, шейх Халедтің Қазақстанға сапары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шақырунан соң болғалы тұр. БАӘ-нің ақпарат кеңістігіндегі мәліметке сенсек, әмірліктер кездесуде сауда-экономикалық байланыс, энергетика, инвестиция мен орнықты технологиялар туралы сөз қозғайтын болады.