Яна Легкодимова ісі: Прокурор екі күдіктіні өмір бойына соттауды сұрады

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін қылмыстық істер жөніндегі сотта кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін айыпталған Қайыржанов пен Катимовке қатысты іс бойынша жарыссөз өтті.

Яна Легкодимованың ісі
Коллаж: Kazinform / Freepik / Legkodimova_ / Instagram

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сот тергеуі барысында жинақталған айғақтар, соның ішінде куәгерлердің жауаптары, бейнежазбалар, сараптамалық қорытындылар және басқа да дәлелдер айыпталушылардың кінәсін толықтай дәлелдейді.

— Сот отырысында айыпталушылар өз кінәсін тек айғақтардың дәйекті түрде ұсынылғанынан кейін ғана ішінара мойындады. Тергеу кезінде алынған хат алмасуларда олардың жәбірленушіні өлтірудің түрлі тәсілдерін талқылағаны анықталды. Олар 20-ға жуық тәсілді ұсынған, соның ішінде улау, тұншықтыру, соққы жасау, өрт қою және өзге де қатыгез әрекеттер бар, — деді прокурор.

Айыптаушының сөзінше, айыпталушылар қылмыс жасағаннан кейін ешқандай өкініш сезінбеген, керісінше көңіл көтеру орындарына барып, алкоголь ішкен. Бұл олардың әрекетіне тән қатыгездік пен адам өміріне деген немқұрайлықты көрсетеді.

Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, айыпталушылар қылмыс жасаған сәтте ақыл-есі дұрыс болған, өз әрекеттерінің қоғамға қауіптілігін толық түсінген. Сондай-ақ медициналық сараптама олардың есірткі немесе алкоголь әсерінде болмағанын анықтаған.

— Істің мән-жайын, айыпталушылардың әрекеттерінің жоғары қоғамдық қауіптілігін және аса ауыр санаттағы қылмыс жасағанын ескере отырып, олардың қоғамнан оқшаулануын қажет деп санаймын. Осыған байланысты Қайыржанов пен Катимовке ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтары бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын, — деді мемлекеттік айыптаушы.

Сонымен қатар прокурор сот шығындарын және жәбірленуші тараптың өтемақысын сотталушылардың өздерінен өндіріп алуды сұрады.

Прокурордың ұсынысы бойынша, Қайыржанов пен Катимов мемлекет кірісіне 816 623 теңге көлеміндегі сот сараптамаларының шығындарын, сондай-ақ Қорғау және жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына әрқайсысы 37 АЕК көлемінде міндетті төлем төлеуге тиіс.

Бұған дейін Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталғандардың жазасы қатаңдағанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум