Ярослава Шведова: Қазақстан құрамасының әлем чемпионатына жолдама алғаны – зор қуаныш

- Ярослава, Қазақстан әйелдер құрамасы осымен өз тарихында екінші рет командалық әлем чемпионатына жолдама алып отыр...
- Иә, бұл – біз үшін зор қуаныш болып отыр. Өткен жылы да қыздар осындай нәтижеге қол жеткізген еді. Ел намысын қорғаған ойыншылардың бәріне де алғысымды айтамын. Соның ішінде құрама көшбасшысы Елена Рыбакина алыс жолдан келіп, шаршағанына қарамастан, екі ойынында да жеңіске қол жеткізді.
- Еленаға қоса, Юлия Путинцева да әлемнің 19-ракеткасы Магда Линетті ұтып, өз үлесін қосты. Дегенмен, есеп 3:0 болып, матч тағдыры шешілгеннен кейін қазақстандық жастар Гөзал Айнитдинова мен Жанель Рүстемова кортқа шықпағанына жанкүйерлер алаңдаушылық білдіріп отыр, мұның сыры неде?
- Жекелей сында Вероника Фальковскамен бәсеке болмайтындықтан, Юлия кортқа шыққысы келді. Ал, Анна Данилина – жұптық сындағы көшбасшымыз. Олар өзара бір-бірімен үйлесіп, матчтан тәжірибе алу үшін шығардық. Оған қоса, екеуі де – деңгейі жоғары ойыншы, көрермен үшін де қызықты еді.
Сәуір айындағы суық ауа райына қарамастан, халық көп жиналды. Олардың да көкейінен шығу керек. Мен қар мен боранға қарамастан, келіп, қолдау білдірген жанкүйердің бәріне ризашылығымды білдіремін.
- Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі 7-12 қарашада өтеді екен. Әзірге қай жерде өтетіні белгісіз. Биыл Қазақстан құрамасы командалық әлем чемпионатында бас жүлде үшін таласа ала ма?
- Әрине, біз таласа аламыз. Таласып қана қоймай, жеңіске жетуден үміттіміз. Ел намысы үшін сынға түскенде, кейде ерекше жігерленіп, ересен күш-қуат қосылғандай болады. Сонда кез келген қарсыласты жеңіп кетуің мүмкін. Әрине, қай команда да жеңгісі келеді, бәрінде де мүмкіндік болады, дегенмен бізде мүмкіндік көбірек болса деймін (күледі).
- Ярослава, әңгімеңе рахмет, алдағы жарыстарда құрамаға тек сәттілік тілейміз.
Айта кетсек, Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов та ұлттық құрама мен барлық қазақстандықтарды жеңіспен құттықтады.
«Біздің ұлттық құраманы Билли Джин Кинг кубогы іріктеу кезеңі аясында Астанадағы жеңісімен және әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығуымен құттықтаймын. Тартысты бәсекеде Польша командасын ұтқан Қазақстан құрамасы өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте көрсетті. Әлемнің үздік ондығына енетін күшті командалардың бірі екендігін дәлелдеді. Жұлдызды ойыншылар Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Анна Данилинамен бірге Қазақстан құрамасы сапында жастар Жанель Рүстемова мен Аружан Сағындықова, сондай-ақ тәжірибелі Гөзал Айнитдинова өздерін көрсетті. Мен жеңіспен тағы да құттықтап, спортшыларымызға алдағы әлем чемпионатында бұдан былай да сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдіремін», - деді ол.
ҚТФ президенті Қазақстан құрамасының барлық жанкүйеріне ризашылық білдірді – ересектермен қатар еліміздің түрлі өңірлерінен Астанаға келген, тенниспен айналысатын 500-дей бала спортшыларымызды қолдады.
Елордадағы Қазақстан - Польша матчы туралы қызықты бес дерек:
1. Қазақстандықтар екінші рет қатарынан әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шықты. Өткен жылы Ярослава Шведованың шәкірттері Шотландияның Глазго қаласында әлем чемпионатында топтық бәсекеде Ұлыбританияны ұтып, Испанияға жол берді. Сөйтіп, жартылай финалға қол созым жерден тоқтады.
2. Қазақстан мен Польша құрамасы арасындағы матч Beeline Arena топырақ төсенішінде өтті. Бұл үшін Сербиядан 120 тонна топырақ арнайы алдырылды. Оны мамандардың төсеп, жаюына он күн уақыт кетті. Хард төсеніші төселген теннис аренасы тарихында мұнда тек үш рет: 2013, 2022 және 2023 жылдары топырақ төселді.
3. Ұлттық құрамалар арасында жаңартылған әлемдік рейтингіде Қазақстан командасы 9-орында келеді.
4. 2014 жылдан бері құрамада ойнайтын Юлия Путинцева Магда Линетпен матчта 18-ші жеңісіне қол жеткізді. Бұл – Қазақстан құрамасы тарихындағы жекелей сындағы ең үздік көрсеткіш. Ярослава Шведова мен Зарина Диястың еншісінде 14 жеңістен бар.
5. Әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Қазақстан тарихында құрамада әлемдік рейтингіде үздік ондыққа енетін ойыншы ретінде алғаш рет өнер көрсетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Польшамен матчта Юлия Путинцеваның Қазақстанды алға шығарғанын жазған едік.
Сондай-ақ, Қазақстан - Польша матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді.
Елена Рыбакина биылғы топырақ төсенішіндегі алғашқы матчтың оңайға түспегенін айтты.
Елена Рыбакина ұтқаннан кейін әлем чемпионатына жолдама қолға тиді.
Елена Рыбакина жеңісін барлық қазақстандықтарға арнайтынын айтты.