Алтынға тең материал бар: Ясауи кесенесіндегі қабірхана бөлмесі есігінің құпиясы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Қабірхана бөлмесінің есігі Алматыдағы «Қырым аралы» ғылыми реставрациялық зертханасының көмегімен қайта қалпына келтірілді.

600 жылдан астам тарихы бар кесене есігі қазандықтың бас залы мен Қожа Ахмет Ясауидің бейітін бөліп тұрған, ерекше мәнге ие, әсем безендірілген.
- Есікке бұрын-соңды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Қалпына келтіру жұмыстары барысында анықталғандай, жарықтар мен деформация салдарынан ағаштар ыдырай бастаған.
Сонымен қатар, есік беті әбден ластанған, кір, май, желіммен жабылған. Бір кездері адамдар оны жақсырақ етіп көрсету үшін әртүрлі материалдарды пайдалғанғаны мәлім болды.
Қалпына келтіру жұмыстары далалық зерттеулер, есептеу жүйелерін қолдану, рентген сәулелері, зертханалық зерттеулер, түрлі мамандарды тарту арқылы нейтрондық томография сияқты көптеген салаларды қамтыды, - деп түсіндірді Әзірет-Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы «Ясауитану» ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері Әлия Білдебекова.
Оның сөзіне қарағанда, есіктегі ойықтарға әртүрлі материалдардан жасалған (сүйек, қалайы, ағаштың бірнеше түрі) элементтер орнатылған.
- Бір қызығы, ағаштың Африка мен Қиыр шығыста кездесетін түрлері бар. Дегенмен, есіктің негізгі қаңқасы жаңғақ ағашынан жасалған. Тіпті алтынға теңестірілетін материалдардан жасалған кірістірулер де бар. Оюдың өзі өте күрделі және көп деңгейлі болып келген.
Есіктің біртегіс болуы үшін күріштен жасалған желімді пайдаланған, - дейді маман.
Ал зертхана қызметкерлерінің айтуынша, көне жәдігердің ағаш құрылымында саңылаулар пайда болып, тырнақ іздері мен термиттің зақымдалуы анықталған.Тақталарды біріктіретін металл тақталарды зерттеу үшін ғалымдар Алматы маңында орналасқан Ядролық физика институтының қондырғыларын пайдаланды. Ядролық физика институтында жүргізілген рентгендік зерттеу нәтижесі ішінде күміс пен алтын өрнектермен жасалған араб жазулары бар екенін көрсетті.
- Қалпына келтіру тобы есікті Кесенедегі орнына қайтармай, мұражайға беруді ұсынды. Қазіргі таңда қабірхана бөлмесінің есігі Әзірет-Сұлтан ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының бас кеңсесіндегі көне жәдігерлер музейіне қойылды. Енді құнды жәдігердегі араб жазуларымен өрнектеліп жазылған көне мұраны зерттеу жұмысы Ясауитану ғылыми орталығы ғалымдарының назарында болады, - деді Әлия Білдебекова.
Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында биік ғимарат салуға тыйым салынды.