Ясауи кесенесінің 6 желдету арнасында ауа айналымы әлсіз екені анықталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — «Қазқайтажаңарту» мекемесінің мамандары жалпы 19 желдету шахтасының техникалық жағдайын тексеріп, нысандағы ауа алмасу жүйесінің жай-күйін бағалады.
«Қазқайтажаңарту» мекемесінің мәліметінше, Ясауи кесенесінің ауа алмасу жүйесіне зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу барысында генератордың көмегімен зиянсыз құрғақ түтін желдету шахталарына жіберілді.

— Профилактикалық зерттеу аясында жалпы 19 желдету шахтасының техникалық жағдайы қаралды. Оның 10-ы бірінші қабатта, 9-ы екінші қабатта орналасқан, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Зерделеу нәтижесінде 6 шахтаның ауа айналымында кемшіліктер анықталды. Ал негізгі ауа алмастыру қызметін атқаратын 7 шахта қазіргі уақытта қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

— Жүргізілген зерттеу желдету шахталарының қазіргі техникалық жай-күйін бағалауға, ықтимал қауіп аймақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ кесене құрылыстарының тұрақты жағдайын сақтау үшін оңтайлы ауа алмасуды қамтамасыз ету шараларын әзірлеуге және енгізуге ықпал етеді, — деп хабарлады «Қазқайтажаңарту» мекемесі.
Бұдан бұрын Ясауи кесенесінің аумағына кіру тәртібі өзгергенін жазған едік.