Ыбырай Алтынсариннің туған жерінде «Омар құдығы» қалпына келтірілді
Былтыр облыс көлемінде «Рухани қазына», «Қазақстанның киелі жерлері» және «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобалары жемісті орындалды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ.
«2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қостанай облысының мәдениет мекемелері 53 жобаны жүзеге асырды. Оның 8-і облыстық маңызға ие, ал қалған 45-і аймақтық деңгейде ұйымдастырылды. Бұған жұмсалған қаржы көлемі - 178 млн теңге. Облыстың қасиетті жерлерін насихаттау жұмысы да жоспардағыдай атқарылды. Барлық 29 нысанның GPS-координаты анықталған. Қазіргі таңда 2018-2020 жылдарға арналған сакралды нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және инфрақұрылым жасаудың жол картасы бекітілді. Онда жалпыұлттық маңызға ие орындарға апаратын жолдар жөнделеді. Сондай-ақ QR кодтар, ақпараттық тақталар орнатылып, визит-орталықтар ұйымдастырылмақ. Туған өлкенің киелі нысандарын насихаттау мақсатында осы жылы қазақстандықтарға виртуалды саяхат ұсыну ойластырылып жатыр», - дейді Ерлан Қалмақов.
Басқарма басшысының сөзінше, былтыр киелі нысандардың дені жөнделіп, қалпына келтірілді. Олардың арасында Ыбырай Алтынсариннің туған жеріндегі - «Омар құдығы» (Алтынсарин ауданы), Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы кесенесі (Амангелді ауданы), Татыр шайқасының орны (Жангелдин ауданы), Свято-Никольский шіркеуі (Ұзынкөл ауданы), Жауке Назарғұлұлы кесенесі (Арқалық қаласы) бар. Барақ батыр кесенесінің (Сарыкөл ауданы) аумағында тағзым етуге арналған үйлер және Қазыбай әулие Ақпанұлының (Жангелдин ауданы) жерленген орнының құрылысы аяқталды.
Фото: kultura.kostanay.gov.kz