Ыдысын фонтан суына жуған балмұздақ сатушысы жалған құжаттармен жұмыс істеген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ыдысын фонтан суына жуған балмұздақ сатушысы жалған құжаттармен жұмыс істегендігі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарапайым санитарлық нормаларды сақтамай, Астана қаласының қырағы тұрғынымен әшкере болған балмұздақ сатушысының саудамен айналысуға құқығы болмаған. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ыдырысов мәлімдеді.
Жуырда Тимур Оразақов есімді азамат Астананың дәл орталығында балмұздақ сатушының қасықты фонтан суына жуып тұрғаны көрсетілген видеоны әлеуметтік желіге жүктеген болатын. Аз уақыттың ішінде видеоны мыңнан астам адам көріп, ызалы пікірлерін қалдырды.
«Тексеру нәтижесінде әйелдің жалған құжаттармен жұмыс істегендігі анықталды. Ол ұсынған құжаттар басқа кәсіпкерге тиесілі болып шықты. Алайда, біз ол кәсіпкерге барғанымызда, бұл сауда нүктесі оған тиесілі еместігін және «Нұрлы жол» бульварында балмұздақ сатушыны мүлде танымайтындығын алға тартты», - дейді Р.Ыдырысов.
Бұл ретте, Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті азаматтарды күмәнді сауда орындарынан азық-түлік өнімдерін сатып алмау жөнінде ескертеді.
Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап, «Нұрлы жол» бульвары мен Есіл өзенінің жағалауында сауда жасайтын көше саудагерлері үшін бірыңғай киім үлгісін енгізу жоспарланып отыр. Бірыңғай киім үлгісі заңды кәсіпкерлерді заңсыз кәсіпкерлерден айыруға мүмкіндік бермек.