Йемен Тель-Авив пен Эйлат портына ұшқышсыз ұшақтармен соққы жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Йемен қарулы күштерінің ресми өкілі Тель-Авивтегі әскери нысандар мен Эйлат портына ұшқышсыз басқарылатын ұшақпен соққы бергені туралы хабарлады, деп жазды IRNA ақпарат агенттігі.

Яхья Сари өз мәлімдемесінде Йемен қарулы күштері Палестина мен Ливанға қолдау көрсету мақсатында Тель-Авивтегі Израиль әскери нысанасына шабуыл жасау үшін «Яфа» ұшқышсыз басқарылатын ұшағын пайдаланғанын атап өтті.
Ол сондай-ақ Йемен қарулы күштерінің «Самад 4» типті ұшқышсыз басқарылатын төрт ұшағының көмегімен Умм-ер-Рашраш аймағында (Эйлат порты) сионистік әскери нысандарға да шабуыл жасағанын қосты.
Сари екі операцияның сәтті өткенін хабарлады.
Йемен қарулы күштерінің ресми өкілі Палестина мен Ливан халқына «басқыншыларды қуып шыққанша және олардың жаулап алу жоспарлары бұзылмайынша» қолдау көрсетуді жалғастыратынын баса айтты.
30 қыркүйекте Израиль әскерінің ондаған ұшағы Израильге жасалған шабуылға жауап ретінде Йемендегі хуситтер нысандарына соққы бергенін мәлімдеді. Соққы нысаны – Ходейда портындағы электр станциялары мен мұнай цистерналары.
Сол күні Израиль армиясы Ливанның оңтүстігінде орналасқан шекаралық аудандардағы ливандық «Хезболла» тобының нысандарына «шектелген операция» бастағанын хабарлады.
Ливан премьер-министрінің міндетін атқарушы Наджиб Микати өз елінің «тарихындағы ең қауіпті кезеңдердің бірін» бастан өткеріп жатқанын айтып, Біріккен Ұлттар Ұйымын Израильдің әуе шабуылы салдарынан баспанасыз қалған миллион адамға көмек көрсетуге шақырды.
1 қазанда Иран Израиль аумағына баллистикалық зымыран ұшырды.