Йеменде қақтығыс өршігелі бері 1000-ға жуық адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Йеменде қақтығыс ушыққалы бері 1000-ға жуық адам қаза тауып, 4200-ден астамы жараланған. 198 мыңға жуық тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Kazinform Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Йеменде қақтығыс өршігелі бері 1000-ға жуық адам қаза тапты
Фото: x.com/DrTedros

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Йемендегі қақтығыстың күшеюі халыққа оңай соқпағанын айтты.

— Қақтығыс ушыққалы бері тырысқақ пен қызылша індеті де өршіп, 1000-ға жуық адам қаза тапты, 4200-ден астамы жараланды. 198 мыңға жуық адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды, — деп хабарлады ДДСҰ басшысы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Оның сөзінше, қажеттіліктің артуына байланысты ДДСҰ-ға керек қаржы көлемі үш еседен астам өсіп, 9 миллион доллардан 31 миллион долларға дейін жеткен. Бұл шамамен 4,1 миллиард теңгеден 14,1 миллиард теңгеге дейінгі қаражат.

Йеменде қақтығыс өршігелі бері 1000-ға жуық адам қаза тапты
Фото: x.com/DrTedros

— Адамдардың өмірі гуманитарлық және медициналық көмекке тәуелді, — деді Гебрейесус донорларды шұғыл шара қабылдауға шақырып.

Кейінгі кезде Йемендегі Иран қолдайтын хуситтер мен үкімет күштері арасындағы қақтығыстар Таиз және Баб-эль-Мандеб бұғазы маңында күшейе түсті.

Үкімет хуситтердің алға жылжуына тосқауыл қою үшін «Йемен таңы» операциясын қолға алды. Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы операцияға әуе күштері арқылы қолдау көрсетіп отыр.

Еске сала кетейік, Йемен хуситтердің күтпеген шабуылынан кейін Таяу Шығыстағы маңызды елдердің біріне айналды. Олар Баб-эль-Мандеб бұғазына жақындап, әлемдік сауда үшін маңызды теңіз жолына қауіп төндірді. Енді Сауд Арабиясы қолдайтын Йемен үкіметі жоғалтқан аумақтарын қайтару үшін қарсы шабуылға кірісті. Хуситтер оңтүстікте қалайша тез ілгеріледі және Эр-Риядтың жауабы қаншалықты ауқымды болуы мүмкін? Бұл мәселеге Kazinform халықаралық шолушысы талдау жасады. 

Бұған дейін Йемен парламенті жаппай мобилизация жариялауды мақұлдағанын хабарлаған едік. Бұл шешім бейбіт тұрғындарды, республикалық құрылыс пен конституциялық тәртіпті, сондай-ақ елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында қабылданды.