Йеменде жойқын су тасқынынан 150-ден астам адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Йеменнің бірнеше провинциясында қатты су тасқыны cалдарынан 150-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Синьхуа ақпарат агенттігі.

Разрушительные наводнения в Йемене унесли жизни более 150 человек
Фото: Mohammed Hamoud – Anadolu Agency

Бұл туралы йемендік дереккөз және БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы хабарлады.

Рұқсаттың жоқтығына байланысты аты-жөнін атамауды өтінген хуситтердің денсаулық сақтау қызметкері Йемендегі нөсер жауын мен су тасқынынан 152 адамның қаза тапқанын хабарлады. 

Оның айтуынша, 27 тамыз күні кешке елдің солтүстік-батысындағы Эль-Махвит провинциясында толассыз жауған жаңбыр мен бөгеттің бұзылуы салдарынан 40-қа жуық адам қаза тапқан.

Сондай-ақ 30 тамызда Йеменнің батысындағы хуситтер бақылауындағы Дамар провинциясында су тасқынынан тағы 28 адамның қаза тапқаны хабарланды.

Дереккөздің хабарлауынша, хуситтер бақылайтын Ходейда провинциясы тамыз айының басынан бері ең қатты зардап шекті – мұнда 84 адам қаза тауып, тағы 25 адам жарақат алды. 

Хабарланғандай, шілденің ортасында басталған су тасқынынан Йеменнің көптеген аймақтары, әсіресе батыс және солтүстік-батыс провинциялары зардап шеккен. 

Әл-Махвит провинциясының батысындағы Малхан ауданында ғана 56 мыңнан астам үй бүлініп,1 мыңнан астам отбасы эвакуациялануға мәжбүр болды.

Су тасқыны сонымен қатар инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірді, кең егістік жерлерді су басты, жолдар жабылды. 

Бұл табиғи апат Йемендегі азаматтық соғыстан қатты қираған гуманитарлық дағдарысты одан әрі қиындатты.

Соңғы жаңалықтар