Йемендік хуситтер БҰҰ-ның ұсталған бес қызметкерін босатты
АСТАНА. KAZINFORM — Йемендік көтерілісшілердің әрекеті халықаралық гуманитарлық құрылымдар қауіпсіздігіне тағы да қауіп төндірді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Хуситтер ел астанасы Санада демалыс күндері ұсталған Йемен азаматтары — БҰҰ-ның бес қызметкерін босатып, ұйымның 15 шетелдік қызметкеріне кешен ішінде еркін жүруге рұқсат берді.
Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик мәлімдеді.
Оның айтуынша, қарулы содырлар өкілдік ғимаратын рейдтен кейін тастап кеткен, бұл рейд хуситтер бақылауындағы аймақтарда әрекет ететін халықаралық ұйымдарға қысымның тағы бір көрінісі болды. БҰҰ мәліметінше, 2021 жылдан бері Йеменде түрлі агенттіктердің 53 қызметкері заңсыз қамауға алынған.
Дюжаррик Бас хатшы Антониу Гутерриштің Сауд Арабиясы, Иран және Оман сыртқы істер министрлерімен келіссөз жүргізгенін атап өтіп, оларды қамауға алынған барлық қызметкердің босатылуына септігін тигізу ету үшін өз ықпалдарын пайдалануға шақырды.
— Өте сыпайы келіссөз жүргізіліп жатыр. Аймақта ықпалы бар елдердің БҰҰ қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуі өте маңызды, — деп атап өтті ұйым өкілі.
Дипломатиялық күш-жігердің аясында Санада Израильдің соққысынан қаза тапқан хуситтер қарулы күштері штабының басшысы генерал Мұхаммед әл-Гаммариді жаппай жерлеу рәсімі өтті. Йемендік SABA агенттігінің мәліметінше, оның 13 жастағы ұлы мен оған жақын болған бірнеше адам қаза тапқан.
Генерал әл-Гаммариге бұған дейін БҰҰ мен АҚШ тарапынан хуситтердің әскери операцияларына жетекшілік еткені және Йемен мен көршілес елдердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін шабуылдарға қатысқаны үшін санкция салынған болатын.
АҚШ пен Израиль соңғы айларда Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылдары мен Израильге зымыран атқылауына жауап ретінде хуситтердің позицияларына әуе және теңіз күштерімен соққы жасап келеді. Газа секторында соғыс басталғаннан бері хуситтер шабуылдарды палестиналықтарға ынтымақтастық ретінде жасап отырғанын мәлімдеді.
«Ансар Аллах» қарулы бүлікшілер тобының мүшелері болып табылатын хуситтер қазір Йеменнің басым бөлігін, оның ішінде астанасы Сана қаласын, сондай-ақ елдің солтүстік және батыс бөліктерін бақылауда ұстап отыр.
Бұған дейін йемендік хуситтер БҰҰ-ның 20 қызметкерін тұтқынға алғанын жазған болатынбыз.