Ықпалдастық өте күрделі мәселе - саясаттанушы Болат Сұлтанов

Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан-Ресей: стратегиялық серіктестіктің экономикалық және саяси ықпалы» аталатын VI ғылыми-тәжірибелік конференцияда осылай айтылды.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтановтың айтуынша, екі елдің арасындағы қарым-қатынастағы алғашқы құжат 1992 жылғы 25 мамырда «Ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісім». Ал екінші құжат 1998 жылы 6 маусымда қол қойылған «Мәңгі достық пен одақтастық туралы декларация».
«Ресейде 1 миллион қазақ, ал Қазақстанда 4 миллионнан астам этникалық орыстар тұрады. Бұл біздің қатынасымыздағы жақындастыратын ең негізгі фактор. Біз ең алдымен Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) аясындағы екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән береміз. Өйткені қазіргі таңда дәл осы мәселеде эмоция мен ашық бас пайданы ойлау көп», - дейді Болат Қылышбайұлы. Оның сөзіне қарағанда, Кеден одағын құруға қатысты қатынас да бір мағыналы емес. Мақсаттылығы мен өміршеңдігіне Ресейде де, Қазақстанда да күмәнмен қарайтындар жеткілікті.
«Бүгін 6-рет өтіп отырған бұл конференцияда біз әрдайым тек сауда-экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты ғана емес, жаңа геосаяси жағдайдағы келешек туралы сөз қозғаймыз. Сондықтан әрбір сөйлеуші көкжиекке көз жүгіртіп, қандай мәселелерді шешу керек екеніне мән берсе екен. Ынтымақтастық туралы айтқанда бізді инновациялық ынтымақтастық қатты алаңдатады. Өйткені Қазақстан мен Ресей әлемнің дамыған экономикасының шикізат базасы болып қалмауы керек», - деді саясаттанушы Б. Сұлтанов.