17:19, 06 Қаңтар 2009 | GMT +5
Ылғал сақтау технологиясын қолдану ? мол өнім кепілі
ОРАЛ. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Егін шаруашылығында ылғал сақтау технологиясын қолдану мол өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы өңірдегі астықты ауданның бірі Теректі ауданының әкімі Алексей Горобцов атап өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен жылы осындай технология 48 мың гектарға қолданылды. Соның нәтижесінде «Жанар», «Тұлпар», «Мәдиев» шаруа қожалықтары, «Радуга-2004» ЖШС секілді алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда дәнді дақылдар түсімі ауданның орта көрсеткішінен 2-6 центнерге жоғары болды. Жалпы, 2008 жылы 97040 гектарға дәнді дақылдар егіліп, әр гектардан 14,9 центнерден өнім алынды. Шаруашылықтар өздерін 9,3 мың тонна көлемінде жаздық бидай тұқымымен қамтамасыз етті. Сондай-ақ 16700 гектар жерге күздік бидай егіліп, 54 мың гектар сүдігер жыртылды.
Жаңа технологияны өндіріске енгізу үшін алдымен ауыл шаруашылығы техникасы керек. Мұның сыртында гербицидтерді қолдану, егісті химиялық өңдеу жағы тағы бар. Осы міндеттерді шешу мақсатында 2002 жылдан бері «Теректі» несие серіктестігі жұмыс жасайды. Сондай-ақ басқа да несиелік ұйымдар арқылы соңғы бес жылда түрлі маркалы 71 комбайн, 40-тан астам трактор, 60 тұқым сепкіш алынды.
Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау деңгейі жоғары. Айталық, өткен жылы ауданда тұқым шаруашылықтарына 8,274 млн., жанар-жағармай құнын арзандатуға 100,765 млн., сұрыпты тұқымдар өсіретін зауыттар мен шаруашылықтарға тұқымдық өнімдерін өткізу мен сапасын жақсарту мақсатына 21 млн. теңге субсидия бөлінді.
Осындай жұмыстар биыл да жалғасатын болады.