Ынтымағы жарасқан елдің жетістігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың бас қаласында өтіп жатқан әлемдік көрме заманның ұлылығын паш етіп, адамзаттың даналығын дәлелдейді.
None
None

Тағылымды тарихын  тасқа қашап жазған қазақ халқының дархан даламыздай кеңдігін әрі кемеңгерлігін көрсетеді. Әлем биігіне көтерілген, жаһандық даму көшіне ілескен мемлекетіміздің мерейін, абырой-беделін өсіре түседі. Ынтымағы жарасқан, еңбекқор елімізді жетістіктер биігіне, жаңа белестерге бастайтын бұл дүниежүзілік көрме қайсар қазақ халқының әлем жұртшылығымен иық тірестіре алатын күш-қуатын көрсетеді. Жаһандық жоба күллі адамзат атаулының алтын бесігіне айналған Жер бетінің гүлденуіне септігін тигізеді. Халықаралық көрме ғаламат ғаламдағы адамзат баласын бір игі мақсатқа біріктіреді. Әлем халықтары арасындағы ынтымақ-бірліктің нығаюына ықпал етеді. Елімізде жоғары деңгейде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі көрермен көңілін көкке өрлетеді.

Әрқайсысы атшап­тырым аумақты алып жатқан көрме ғимараттарының бәріне бірдей бас сұғып шығу бірер күн ішінде біте қояр шаруа емес екен. Біріне кірсеңіз болды, жіпсіз байланып, тез арада қайта шыға қойғыңыз келмейді. Мұнда қойылған әрбір жобаның өзіндік мән-маңызы бар, әрқайсысы туралы құлаш-құлаш мақала жазып шығуға болады.

Көк пен Жер, Су мен Ауа, Күн нұры. Ішкен суың - зәр, жеген тамағың - у, жұтқан ауаң - түтін, киімің - скафандр болса, мың адамды алдап, жүз адамды жалғап жүруге мәжбүр саясатыңның да, мүддеңнің де - бәрінің құны көк тиын. Бізді - Жер шарын мекендеген бүкіл халықты, шиеленіскен саяси мәселелерге алаңдайтын жұртты сабырға шақырып, ақылға келтіретін саналыға көрініп тұрған жаһандық экологиялық-техногендік апат қана болуы мүмкін. Бес күндік жалғанның байлығы мен шайлығына малданып, ертеңгі күнге, Жер мен Ауаның экологиялық жағдайы­на көз жұма қарауға болмайды. «Болашақтың энергиясы» аталатын осы тақырыптың өзі еліміздің еңсесін биік ұстап тұр. Мұның игі ықпалы өз жұртымызға да тиіп отырғанын аңғару қиын емес.

Бір айналып, қайта қарасаңыз, алғашқы көр­геніңізден мүлде бөлек, басқа дүниені көруге болатын қиял-ғажайып ертегілеріндегідей, Астананың келбеті бұл күнде адам сенбестей өзгеріп шыға келген. ЭКСПО айшықтары мен мұнтаздай таза көшелер, бірінен-бірі өткен әсем ғимараттар мың құбылып, адамды өзіне тарта түседі. Бұрындары суреттерден көріп жүрген сұп-суық көрінетін үйлердің бәріне жан кіріп, бойына жылу жүгіргендей, айналасына шуақ шашып тұр. Әсіресе, кеш қарайғанда Астананың жүзі бал-бұл жанып тұратын болып­ты. Бәрінен бұрын, ел-жұрттың көңіл-күйін айтсаңызшы, тіпті, ойға шомып, жалғыздан-жалғыз бара жатқан кісінің көңілінен де қуаныштың табын байқауға болады. Халықаралық көрменің өтуі астаналықтар мен қала қонақтарына ерекше игі әсерін тигізген сияқты.

Бір анығы, бұл көрме бір ғана Астананың аясындағы нәрсе емес, оның елдік маңызы бар, әлемдік орны бар. Көрме өте бастаған бір айда Астананың одан сайын рухтана түскені де, бәлкім, содан шығар.

11 шілде күні көрмеге келген миллионыншы адам тіркелді.

Халықаралық павильондарға жалпы келу­шілердің саны 5 960 200-ден асты.

Кешендердегі негізгі нысандарға 834 580-нен астам адам барды.

Келушілердің ең көбі - 303 000-нан астам адам «Нұр-Әлем» павильонына кірген.

Бір айда 160 мың адамға көрмеге кіруге жеңілдік жасалған.  Олар - мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, 6 жасқа дейінгі балалар мен мүгедектер, ҰОС ардагерлері.

Көрме аясында бір айда 1031 мәдени ойын-сауық және іскерлік іс-шаралар, 84 ресми іс-шара өтті.   

Соңғы жаңалықтар