Ырғағы бұзылған жүрек емшісі – Аян Әбдірахманов

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде Президент Іс басқармасына қарасты Медициналық орталықта 3 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Шетелдік мамандардан білімі де, біліктілігі де асып түспесе кем соқпайтын олар алдына келген науқастың ауруынан айығып, отбасына оралуына септігін тигізіп жүр. Солардың бірі – Аян Әбдірахманов. Білікті дәрігермен елімізде жыл сайын маусым айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін Медицина қызметкерлері күніне орай азды-кем тілдескен едік.

Ырғағы бұзылған жүрек емшісі – Аян Әбдірахманов
Фото: Аян Әбдірахманов

Біреу білер, біреу білмес медицинада аритмология саласы бар. Тарих тұрғысынан алып қарағанда пайда болғаны да көп бола қойған жоқ. 1992 жылы Америкада ресми пайда болған заманауи аритмология немесе электрофизиология бүгінде жеке клиникалық бағытқа айналып үлгерген. Саланың алдындағы басты мақсат – заманауи медициналық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты жүректің кенеттен соғуын тоқтату қаупін анықтау және оның алдын алу с-шараларын әзірлеу. Көптеген заманауи ғылыми-тәжірибелік бағыттар сияқты бұл сала кардиология, кардиохирургия, рентгенология, анестезиология-реаниматология, математика мен инженерияның сабақтастығынан пайда болған синтетикалық мамандық. Қазіргі заманғы медицина үшін бұл клиникалық бағыттың маңызы зор. Ал елімізде аритмология саласын дамытып жүрген білікті мамандардың бірі медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ аритмологтар қоғамының президенті, Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығының Қазақстандағы өкілі, ҚР ПІБ Медицина орталығы ауруханасының бас аритмологы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аритмологы – Әбдірахманов Аян Сүлейменұлы.


Аян Әбдірахманов қазіргі Абай облысының Абай ауданында дүниеге келген. Семей мемлекеттік медицина академиясын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. Кардиология, аритмология (клиникалық электрофизиология, электрокардиостимуляция), эхокардиография, ЭКГ және АҚ тәуліктік мониторингі, кезек күттірмейтін терапия, анестезиология және реаниматология салаларында маманданған.

«Семей медицина академиясының клиникалық ординатурасын бітіргеннен кейін еңбек жолымды кардиолог болып бастадым. 2001 жылы интервенциялық аритмологиямен айналыса бастадым. Бұл медицина саласындағы техника мен жаңалықтарды қажет ететін өте жоғары технологиялық мамандық десем артық айтқандық емес. Яғни, жаңа технологиямен өте тығыз байланысты. Сондықтан медицина саласында шығып жатқан жаңашылдықтарды қалт жібермей, үнемі назарда ұстау өте маңызды. Жаңа құрылғылармен және құралдармен таныс болып қана қоймай, оларды жіті меңгеруің де қажет», - деді ол.


Аян Әбдірахманов бүгінде ҚР ПІБ Медицина орталығы ауруханасында жүрек ырғағының бұзылуына отаның барлық түрін жасайды. Ол ТМД-да алғаш рет Микра электродсыз электрокардиостимулятор имплантациясын және HD Grid катетерімен жоғары тығыздықты картаға түсіру операцияларын жасаған. Жүкті әйелдер мен балаларға да флюороскопиясыз операцияларды алғашқылардың бірі болып жасаған біліктілігі жоғары маман.


«11 жылдан астам уақыт бойы елордадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы аритмология бөлімінің меңгерушісі болып еңбек еттім. Осы жылдың ақпан айынан ҚР ПІБ Медицина орталығы Аритмология орталығының жетекшісі – бас аритмологы болып жұмыс істеймін. Кардиохирургтарға қарағанда аритмологтардың басты айырмашылығы алдын ала ойлайтындығында дер едім. Айталық, кардиохирургтар ашық жүрекке ота жасаса, аритмологтар қан тамырлары арқылы жұмыс істейді. Аритмологта жүректі көріп, қолмен ұстап сезіну мүмкіндігі жоқ. Сондықтан әр іс-әрекетіңізді алдын ала жоспарлап отыруыңыз қажет. Кез келген жағдайда қалай әрекет етуіңіз қажеттігін сезіне білуге тиіссіз», - деді білікті маман.


Австрия, Венгрия, Германия, Италия, Чехия, Түркия, Ресей елдерінде жүрек ырғағының бұзылуын емдеудің интервенциялық әдістері бойынша тағылымдамадан өткен ол, соңғы 10 жылдың ішінде бірнеше мыңдаған адамның өміріне араша түсті. Шетелдік әріптестері арасында да беделі жоғары. Мәселен, осы жылдың сәуірінде Испанияның Барселона қаласында әлемнің бірнеше ондаған елінің 4 мыңнан астам аритмологының басын қосқан Еуропалық жүрек ырғағы қауымдастығының жылдық конгресіне қатысып, баяндама жасады. Ал осы жылдың мамырында АҚШ-тың Жаңа Орлеан қаласында әлемнің 90-нан астам елінің 8 мыңнан астам дәрігері жиналған Жүрек ырғағы қоғамы конгресіне қатысты. Аян Әбдірахманов аритмологтардың әлемдегі үлкен конгресінде «Рентгеноскопиясыз абляция – жүкті әйелдердің жүрек ырғағының бұзылуы кезіндегі жаңа жұмыс процесі» тақырыбындағы баяндамасы шетелдік әріптестері тарапынан зор қызығушылық тудырды.

«Соңғы 10 жылда жыл сайын 350-ден аса ота жасап жүрдім. Президент Іс басқармасына келген 4-5 айдың ішінде ғана 55 ота жасап, адамдардың өміріне араша түстім. Нәрестелер мен жүкті әйелдерде ота жасау өте қиын», - дейді дәрігер.


Сонымен қатар білікті дәрігер соңғы жылдары жастардың арасында да жүрек ауруларының белең алуына қатысты ойымен бөлісті.

«Меніңше, жастардың арасында да жүрек ауруларының жиі байқала бастауы жаңа технологиялардың қарыштап дамып, диагностикалаудың жақсара түсуіне байланысты сияқты. Дегенмен, аталған санаттағы адамдардың арасында жүрек ауруларының көптеп кездесуіне олардың фаст-фуд пен энергетикалық сусындарды жиі тұтынуына да байланысты. Қазақта «ауру - астан» деген жақсы сөз бар. Сондықтан денсаулығым мықты болсын десеңіз тез дайындалатын тағамдар емес, құнарлы ас ішкен дұрыс. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанып, жат қылықтарға бой алдырмау қажет. Спортпен шұғылдану қажет», - деді ол.