Ырыстың - ынтымаққа, берекенің - бірлікке бітетінін Сыр елі жақсы біледі - Қызылорда облысы әкімінің құттықтауы

АСТАНА. 1 қаңтар. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қазақстандықтарды Жаңа 2014 жылмен құттықтады.
None
None

Құрметті жерлестер!

Қасиетті де киелі қазақ жеріне, Тәуелсіз елімізге Жаңа, 2014 жыл қадам басып келедi. Қай-қайсымыз болса да әдеттегідей Жаңа жылға үмітпен қарап, жағымды жаңалықтар күтіп, жаңа мақсат-міндеттер белгілейміз.

Өйткені Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясаты мен халқымыздың бірлігінің арқасында біз жаңа ХХI ғасырда іргесі берік, әлемдік қауымдастықта беделі биік мемлекетке айналдық.

Тәуелсіз еліміз шекарасын бекітіп, экономикасын нығайтып, әлеуметтік деңгейін өсіріп, Еуразия төсінде жаңа Астанасын салып, ғаламдық процесстерге ықпалын тигізетін, ата-бабаларымыздың арманын іске асыра алатын алпауытты мемлекетке айналды. 2050 жылға дейін дүние жүзіндегі ең дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатын алдымызға қойдық. Аталған межемізге біздер күмәнсіз жетеміз. Себебі бізді бір Отан, бір тағдыр, бірінші Президент біріктірді!

Елбасымыз «Сыр - Алаштың анасы» атаған туған өлкеміздің өткенінің символы - түркі әлемінің рухани көсемі Қорқыт Ата болса, болашағының символы - «Байқоңыр» ғарыш айлағы.

Өткен 2013 жыл республикамызбен бірге Сыр елі үшін де нәтижелі жыл болды. Инвестиция тарту, құрылыс салу, салықтық базаны дамыта отырып бюджетті нығайту бойынша еліміздің аймақтарының алдына шықтық. Биыл күрішшілеріміз рекордтық өнім жинап, облыс бойынша әр гектарынан 49 центнерден сыр маржанын қоймаға құйды. Жерлесіміз Абзал Ералиев «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Өткен жылы көптеген әлеуметтік және өндірістік нысандар іске қосылды.

Елбасының тікелей қолдауының арқасында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырының облыстағы учаскесі салынып, келесі жылдан бастап аймақтың елді мекендерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге кірісеміз.

«Батыс Қытай - Батыс Еуропа» тас жолының негізгі жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жаңа жылдың тамыз айында толыққанды іске қосылады, салынған жол елді мекендер мен кәсіпкерлікті дамытуға оң септігін тигізеді.

«Сексеуіл - Бейнеу» темір жолы іске қосылып, саланың облыстағы инфрақұрылымын дамытуға және аймақтың көлік - логистикалық әлеуетін өсіруге мүмкіндік берді.

«Байқоңыр» ғарыш айлағын, Байқоңыр қаласы мен Төретам және Ақай елді мекендерін қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің келісілген «жол картасы» бекітілді. Соның арқасында жаңа кәсіпорындар мен әлеуметтік обьектілер іске қосылады.

Елбасының әрдайым айрықша назарында - Арал мәселесі. Үкіметке берілген тапсырмасының арқасында Солтүстік Арал жобасының екінші кезеңі мақұлданып, тиісті қаражат бөлінуде. Кезінде дағдарысқа ұшыраған аймақ даму жолына түсуде.

Сонымен бірге Елбасының қолдауымен облысымыздың оңтүстік аймақтарында металлургия саласын дамыту мақсатында күрделі жұмыстарға кірісіп кеттік. Шыны, цемент, трубалар мен арматура шығару, машина шығару мен өңдеу өнеркәсіптерінің, энергетика және де басқа даму жобаларына нақты қадамдар басталды.

Ауыл шаруашылығының дамуына жаңа серпін беріледі. Елбасының тапсырмасына сәйкес болашақта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.

Ауылдағы тіректі елді мекендерді дамытуға, білім, денсаулық сақтау мен спорт, әлеуметтік қорғау салаларына тиісті мемлекеттік қолдау шаралары қабылданады.

Келесі жылы рухани даму мәселелеріне де ерекше мән берілмек. Қорқыт Ата мемориалын жандандыру, Сыр сүлейлерінің дәстүрін дәріптеу, мәдени мұраны насихаттау, жас дарындарды қолдау күн тәртібінің басымдылықтары болып айқындалды.

Аталған жасампаз жобаларды іске асыру үшін елімізге бірлік қажет.

Ырыстың - ынтымаққа, берекенің - бірлікке бітетінін Сыр елі жақсы біледі, қадірін терең түсінеді.

Жаңа жылдарыңыз құтты болсын, құрметті жерлестер!

Соңғы жаңалықтар