Юлия Путинцева Аустралиядағы жарыстың ширек финалына шықты

Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 77-ракеткасы, испаниялық Нурия Парризас-Диаспен шеберлік байқасты.
Юлия Путинцева өткен жылы Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде Испаниямен өткен матчта Н.Парризас-Диасқа 4:6, 6:2, 6:7 (5:7) есебімен жол берген болатын. Бүгін сол кеткен есені қайтарды.
Қазақстандық теннисші 6:2, 6:3 есебімен басым түсті.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Ю.Путинцева 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Ю.Путинцева жүлде қоры 259 303 АҚШ долларына бағаланған жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 72-ракеткасы, ресейлік Анна Блинковамен таласады. Ол әлемнің 26-ракеткасы, чехиялық Мария Боузкованы 7:5, 6:4 есебімен ұтып кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Australian Open турнирінде өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина жұптық сында Аделаида турнирінің жартылай финалына өтті.
Т.Скатов пен М.Кукушкин Аустралия ашық чемпионатында жарыс жолынан шығып қалды.
Фото: ktf.kz