Юлия Путинцева Мадрид мастерс турнирін сәтті бастады

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте өзінен төрт саты төмен тұрған америкалық Клэр Льюмен өткізді.
Бірінші партияда америкалық теннисші 2:0 есебімен алға кеткенімен, Ю.Путинцева таразы басын теңестірді – 2:2. Содан кейін өзі алға шыққанымен, Лью қарап қалмады. Есеп 4:4 болған мезетте Юлия брейк жасап, сосын сетболын пайдалана алды – 6:4.
Екінші сетте қазақстандық спортшы брейкпен алға кетті – 4:2. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Бір сағат 45 минутқа созылған бәсеке барысында Юлия 1 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 2 эйс, 3 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Ю.Путинцева жүлде қоры 7,7 млн еуродан асатын Мадрид мастерс жарысының үшінші айналымына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсиямен таласады.
Аталмыш дода 6 мамырда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид мастерс турнирінде бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Мадрид турнирінің іріктеу сайысында жеңіліп қалған еді.
Елена Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы атанды.