20:15, 24 Мамыр 2023 | GMT +5
Юлия Путинцева Рабат турнирінің ширек финалына шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 61-ракеткасы Юлия Путинцева Рабат (Марокко) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 129-ракеткасы, франциялық Леолия Жанжанмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Ю.Путинцева қос брейкке қол жеткізді - 6:2.
Екінші сетте 5:0 есебімен алға кетіп, матчқа доп бергенде, қарсыласы брейк жасады. Дегенмен Юлия бәсекені тағы бір брейкпен түйіндеді - 6:1.
Бір сағат 15 минутқа созылған кездесуде Ю.Путинцева 8 брейк-пойнттың алтауын пайдалана білді.
Қазақстандық спортшы жартылай финалға шығу үшін әлемнің 55-ракеткасы, мысырлық Маяр Шериф немесе рейтингте 195-сатыдағы аргентиналық Юлия Риераның біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.