Юлия Путинцева Рим турнирінің екінші айналымына шықты

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда жарысқа өзі сияқты іріктеу сайыстарынан кейін қосылған словениялық Кая Юванмен шеберлік байқасты.
Бұған дейін қарсыластар өзара бір-ақ рет кездесіп, өткен жылы Юлия жеңген еді.
Бұл жолы Путинцева бірінші партияда 7:5 есебімен басым түссе, екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:4.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші 4:2 есебімен алға кеткенімен, қарсыласы да қалыспады - 4:4. Дегенмен тағы бір брейкке қол жеткізген Путинцева матчты жеңіспен түйіндеді - 7:5.
Аса тартысты өткен матч үш сағаттан астам уақытқа созылды.
Ю.Путинцева үшінші айналымға шығу үшін кезінде әлемдік рейтингте көш бастаған, қазір 10-орында тұрған испаниялық Гарбинье Мугурусамен таласады.
Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші, әлемнің 41-ракеткасы Александр Бублик соңғы кезде сәтсіз өнер көрсетуде. Бұл жолы ол Рим мастерс жарысының алғашқы айналымында әлемнің 59-ракеткасы, америкалық Маркос Хиронға есе жіберді - 6:3, 4:6, 3:6. Мұнда Бублик 11 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Қарсыласы бір брейк артық жасап кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос әлемдік рейтингіде 17-орынға көтерілгенін, қазақстандық теннисшілердің Рим турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.