Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінде АҚШ чемпионына жол берді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның екінші, әлемнің 58-ракеткасы Юлия Путинцева Ролан Гаррос турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: ktf.kz

Юлия Путинцева Франция ашық чемпионатында екі рет 2016 және 2018 жылдары ширек финалға дейін жеткен еді.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 30-ракеткасы, 2017 жылғы US Open жарысының жеңімпазы, америкалық Слоан Стивенспен ойнады.

Осыған дейін қарсыластар өзара бес мәрте кездесіп, соның үшеуінде Ю.Путинцева жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияда америкалық спортшы 6:3 есебімен басым түсті.

Есесіне екінші сетте Юлия 5:2 есебімен алға кетіп, өз пайдасына аяқтай білді – 6:3.

Әйтсе де шешуші, үшінші партияда америкалық теннисші күш алып кетті – 6:2.

Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Ю.Путинцева 1 эйс жасап, 17 брейк-пойнттың бесеуін ғана пайдаланды.

Қарсыласы 7 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

С.Стивенс ширек финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкомен таласады.

Ол дүниежүзілік рейтингте 82-орында тұрған ресейлік Камилла Рахимованы оңай тізе бүктірді – 6:2, 6:2.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастады, ал Александр Недовесов үшінші айналымға жолдама алды.

Қазақстандық теннисшілер АҚШ-тағы жарыстың ширек финалында кездеседі.

Ролан Гарроста Қазақстан теннисші қыздары үздік үштікке енді.

Соңғы жаңалықтар