Юлия Путинцева Швециядағы турнирдің финалына шыға алмады

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингте 94-орында тұрған сербиялық Ольга Даниловичпен шеберлік байқасты.
Бірінші партия 6:4 есебімен сербиялық теннисшінің еншісіне жазылса, екіншісінде Ю.Путинцева бет қаратпады – 6:0. Алайда сол қарқынын үшінші, шешуші сетте жалғастыра алмай, жеңіліп қалды – 2:6.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта Юлия 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 5 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
О.Данилович финалда әлемнің 55-інші, доданың 1-ракеткасы, америкалық Эмма Наварромен кездеседі. Ол жартылай финалда отандасы, рейтингте 251-сатыдағы Луиза Чирикодан айласын асырды – 6:4, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаны жеңген Онс Жабердің финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ 16 жасар теннисші Қазақстан спартакиадасының чемпионы атанды.