08:35, 09 Тамыз 2022 | GMT +5
Юлия Путинцева Торонто турнирінің екінші айналымына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Торонто WTA-1000 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 299-орында тұрған канадалық Кэтрин Себовпен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда корт иесі басымдылық көрсетті - 6:3.
Екінші сетте Юлия Путинцева есе қайырды - 6:2. Ол үшінші, шешуші партияны брейкпен тәмамдады - 7:5.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта Путинцева 13 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 3-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі.
Қазақстанның ерлер арасындағы бірінші ракеткасы Александр Бублик Монреаль мастерс жарысының беташар ойынында америкалық Дженсон Бруксбиден ұтылып қалды - 2:6, 3:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Торонто турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz