Юлия Путинцева Ыстанбұл турнирінің екінші айналымына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Ыстанбұл WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 57-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетпен өткізді.

Бұған дейін қарсыластар өзара бес рет кездесіп, соның төртеуінде М.Линетт жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияда Путинцева 4:1 есебімен алға кетті. Поляк қызы да қалыспай, таразы басын теңестіргенімен, қазақстандық теннисші тай-брейкте сәтті ойнады - 7:6 (8:6).

Екінші сетте Юлия 6:4 есебімен басым түсті.

Екі сағат 8 минутқа созылған тартысты матчта Путинцева 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.

Ю.Путинцева жүлде қоры 239 477 АҚШ долларына бағаланған жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 76-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен таласады. Ол әлемнің 23-інші, осы доданың 1-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенсті жолдан тайдырды. Есеп 5:7, 1:4 болған мезетте Э.Мертенс бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Барселона турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар