Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 55-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатының екінші айналымына шықты.

Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 85-орында тұрған италиялық Элизабетта Кочареттомен өткізді.

Бірінші партияда италиялық спортшы 4:1 есебімен алға кеткенімен, Путинцева камбэк жасап, қатарынан бес геймді алды — 6:4.

Екінші сетте тай-брейкті Юлия сәтті аяқтай білді — 7:6 (7:4).

Осылайша, қазақстандық теннисші бұған дейін алты матчқа созылған жеңілістер сериясын тоқтатты.

Бір сағат 56 минутқа созылған бәсекеде Путинцева 10 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Кочаретто 3 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 29-ракеткасы, ресейлік Анна Калинская немесе рейтингіде 178-сатыдағы америкалық Клерви Нгунуэнің қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның АҚШ-тағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар