22:04, 14 Мамыр 2025 | GMT +5
Юлия Путинцева Парма турнирінің ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева Парма (Италия) челленджер турнирінде екінші кездесуін жеңіспен түйіндеді.

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда WTA рейтингісінде 299-орында тұрған германиялық Анна-Лена Фридзамға қарсы келді.
Ю.Путинцева екі сетті де 6:4 есебімен аяқтады. Бір сағат 39 минутқа созылған бәсекеде ол 2 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Фридзам 2 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 64-ракеткасы, мысырлық Майар Шерифпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Италиядағы жарыста Данилина мен Құламбаеваның жартылай финал жолдамасын сарапқа салатынын жазған едік.