Юлия Путинцева WTA әлемдік рейтингісінде жоғарылады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) рейтингісінде ТОП-50-ге жақындады.

Майами WTA 1000 турнирінің ширек финалына шығуы нәтижесінде Ю.Путинцева 68-ден бірден 52-орынға көтерілді.
Өз спорттық жолында 2017 жылы 27-сатыға дейін жеткен қазақстандық теннисшінің бұдан былай да өз көрсеткішін жақсартып, Париж олимпиадасында ел намысын сәтті қорғауына мүмкіндігі бар.
Юлия Путинцева осы аптада Чарльстон (АҚШ) WTA 250 жарысында өнер көрсетеді. Оның алғашқы қарсыласы – аустралиялық Арина Родионова. Аринаны жеңсе, екінші айналымда украиналық Леся Цуренко күтіп тұр.
Өткен жылы Ю.Путинцева Чарльстонда екінші айналымнан аса алмаған еді.
Майами додасының финалисі Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде өзінің 4-орнын сақтап қалды. Үздік үштікте өзгеріс жоқ: Ига Швентек (Польша), Арина Соболенко (Беларусь), Коко Гауфф (АҚШ).
Майами финалында Е.Рыбакинаны ұтқан америкалық Даниэль Коллинз 31 сатыны артқа тастап, әлемнің 22-ракеткасы атанды.
Ерлер арасында ATP рейтингісінде Александр Бублик 18-сатыда қалса, Александр Шевченко 58-ден 56-ға жоғарылады. Михаил Кукушкин – 134, Денис Евсеев 182-сатыда (+2) тұр.
Майами мастерс турнирінің жеңімпазы атанған италиялық Янник Синнер испаниялық Карлос Алькарасты ығыстырып, екінші орынға шықты. Көш басында – сербиялық Новак Джокович.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майами турнирінің финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.