Юлия Путинцева жаңа маусымды Брисбен турнирінен бастайды
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның екінші, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева 29 желтоқсан – 5 қаңтар аралығында өтетін Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде бақ сынайды.

Бұл қазақстандық теннисшінің жаңа маусымдағы алғашқы жарысы болмақ.
Аталмыш доданың 15-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева турнирді екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 38-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетт немесе рейтингіде 67-сатыда тұрған америкалық Маккартни Кесслердің жеңгенімен шеберлік таластырады.
Егер Ю.Путинцева үшінші айналымға шыға қалған жағдайда әлемнің 1-ракеткасы, белорустік Арина Соболенкомен кездесіп қалуы ықтимал.
Өткен маусымда бұл жарыста Елена Рыбакина жеңімпаз атанған еді. Биыл ол Сидней мен Пертте өтіп жатқан United Cup турнирін таңдады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен United Cup турнирінде Қазақстан құрамасының Испанияны жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Аустралиядағы жарысты жеңіспен бастады.