Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати турнирінің ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына өтті.

Юлия Путинцева
Фото: ҚТФ

Қазақстандық теннисші канадалық Лейла Фернандеспен бірге екінші айналымда америкалықтар Кэролайн Доулхайд – Дезире Кравчикпен кортқа шығуы тиіс еді.

Әйтсе де америкалық жұп матчқа келмей қалды да, Путинцева –Фернандес ойнамастан ширек финалға жолдама алды.

Юлия Путинцева – Лейла Фернандес жартылай финалға шығу үшін жарыстың 1-ракеткалары, чехиялық Катерина Синякова – америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады.

Ю.Путинцеваның жекелей сында испаниялық Паула Бадосамен ойыны да бүгінгі күнге белгіленген.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 121-ракеткасы, 36 жастағы Михаил Кукушкин Кэри (АҚШ) челленджер додасының жартылай финалына шыға алмады. Ол ширек финалда әлемнің 113-ракеткасы, италиялық Маттиа Белуччиға есе жіберді – 1:6, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Цинциннати турнирінде сенсация жасап, Путинцеваның әлемнің 2-ракеткасын жеңгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар