Юн Сок Ёль корейлік компаниялардың еліміздегі газ өңдеу жобаларына қатысқанын қалайды

Корея Президенті
Фото: akorda.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Корея компаниялары Қазақстанның негізгі ұлттық жобаларын жүзеге асыруға қатысқысы келеді. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёльмен айтты.

«Үлкен Алматы айналма жолы мен Шымкент жылу электр орталығын салу жобаларының арқасында екіжақты ынтымақтастық табысты жүзеге асырылды деген ортақ пікірге келдік. Осындай табысты мысалдардың негізінде біз энергетика және инфрақұрылымдарды кеңейту салаларында жаңа жобалар іздеу үшін одан ары ынтымақтасуға уағдаластық. Осыған орай мен Қазақстан Президентіне компанияларымыздың Қазақстанның негізгі ұлттық жобаларын, оның ішінде газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын іске асыруға қатысып, өз үлестерін қосуы үшін назар аударуын өтіндім», - деді Корея Президенті.

Юн Сок Ёль Қазақстан Президентімен келіссөздер барысында Солтүстік Кореяның ядролық қару проблемасы да талқыға түскенін атап өтті.

«Екі ел де Солтүстік Кореяның ядролық және зымыран техникасын заңсыз әзірлеуін ерекше айыптады және Солтүстік Кореяны заңсыз қаржыландыруды бұғаттау бойынша халықаралық қоғамдастықтың ынтымақтастығына қатыса беруге келісті», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар