ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде «Халықаралық Наурыз күніне» орай салтанатты шара мен концерт өтті

АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат - ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Қазақстан сынды бірқатар елдердің бастамасымен жарияланған «Халықаралық Наурыз күніне» орай салтанатты шара мен концерт өтті. Бұл ақпаратты еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.
None
None

Бұл іс-шараны ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия мемлекеттерінің Тұрақты өкілдіктерінің бастамасымен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) ұйымдастырды.

ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің және азаматтық қоғам алдына шығып сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсенбай Қасейінов пен ЮНЕСКО бас директорының бірінші орынбасары Ханс Д'Орвиль Наурыз мейрамының біріктіруші рөлін және халықтарды жақындатушы катализатор ретіндегі дәстүрін баса айтты. Олар түркі мәдениетінің көпқырлылығын, мұрасының молдығын, географиясының ауқымдығын, сонымен қатар 2010 жылы ЮНЕСКО аясында көктем мерекесінің алғаш рет Халықаралық мәдениеттердің жақындасу жылы болып жариялануына Қазақстанның сіңірген еңбегін атап өтті.

Ал концерт барысында Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Түркия елдерінің әртістері өз өнерлерін ортаға салды. Бұл мәдени кеште Қазақстан тарапынан Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі өнер көрсетті.

Аталған іс-шаралар аяқталғаннан кейін еліміздің ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарына «Наурыз» мейрамының халықаралық маңызы және осы адамзаттың материалдық емес құндылығын сақтау барысындағы Қазақстанның мемлекеттік қамқорлығы жайында сұхбат берді.

Соңғы жаңалықтар