ЮНЕСКО Орталық Азия халықтарының киіз үйін материалдық емес мәдени мұра тізіміне қосты

АСТАНА.KAZINFORM - Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстанның дәстүрлі киіз үйі ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Tengri Camp: Қазақ киіз үйі әлем сахнасында
Фото: tengri_camp Instagram парақшасы

Бұл шешім 10 желтоқсанда Нью-Делиде өткен Үкіметаралық комитеттің 20-шы сессиясында қабылданды.

Қазақстан мен Қырғызстанның алғашқы бірлескен өтінімі 2014 жылы берілген, кейінірек Өзбекстан оны киіз үй жасау дәстүрі қарақалпақтарды да қамтитындай етіп кеңейтуді ұсынды. Мұны Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева атап өтті.

Оның айтуынша, қырғыз, қазақ және қарақалпақтар үшін киіз үй тек баспана ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейліктің символы және ол ұрпақтан-ұрпаққа берілген.

- Бұл - тарихи күн. Халықаралық мойындау біздің дәстүріміздің тереңдігін, рухани мұрамыздың беріктігін және ұрпақтар арасындағы үзілмейтін байланысты білдіреді, - деді Мирзиёева.

2024 жылы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ұсынған бірлескен өтініште киіз үй халықтық мерекелердің, дәстүрлі рәсімдердің, жерлеу және еске алу рәсімдерінің ажырамас бөлігі болып қала беретіні айтылған.

- Киіз үй жасау білім мен дағдыны талап етеді. Киіз үй - киізбен жабылатын дөңгелек ағаш жақтау. Ол оңай тасымалданады, ықшам, экологиялық таза. Киіз үй мен оның интерьерін жасайтын қолөнершілер (ерлер мен әйелдер) осындай білім иесі болған, - делінген өтінім мәтінінде.

2025 жылы ЮНЕСКО 68 өтінімді қарайды. Қазіргі уақытта ұйымның материалдық емес мұра тізіміне 153 елден 812 элемент кіреді.

Материалдың ағылшын тіліндегі түпнұсқасын осы жерден оқи аласыз.

Бұған дейін Қызылорда облысындағы үш нысан ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енгізілуі мүмкін екендігі туралы хабарланған болатын: Сығанақ пен Жанкент ежелгі қоныстары және Жетіасардың мәдени ескерткіштері.

Соңғы жаңалықтар