ЮНИСЕФ: Қазақстанда оқушылардың 23 пайызы әлімжеттіктен зардап шегеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Бала құқығы туралы конвенциясының Қазақстанда ратификацияланғанына 20 жыл толды. 1 маусым - балаларды қорғаудың халықаралық күні осыған орай Астанада халықаралық конференция өтті.
None
None

Бұл туралы 24.kz жазады.

Құжатта балалар қоғамның тең құқылы өкілі екендігі көрсетілген. Алайда анасының перзентін сатып, ақша таппақ болған немесе баланың зорлық-зомбылықтан зардап шеккендігін айғақтайтын мәліметтер жетерлік. Мектеп қабырғағасындағы оқушылардың 66,3 пайызы зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәсі болса, 23 пайызы әлімжеттіктен зардап шегеді. Бұл - ЮНИСЕФ-тің адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықпен бірлесіп, Қазақстанның 7 қаласында жасөспірімдер арасында жүргізген зерттеулерінің нәтижесі.

Сондай-ақ, көп жағдайда қазақстандық оқушылар сыныптастары мазақ қылғанына намыстанып, өз-өзіне қол жұмсауға дейін баратындығы да анықталған.Бұл орайда психологтар «бүгінгі жастар болмашы қиындықтарға бола күңіреніп, өмірден түңілуге дайын тұрады» деп дабыл қағуда.

Жұлдыз Махатаева, педагог-психолог: - Жасөспірімдер қазіргі таңда өте ашушаң, агрессияға бейім. Сонымен депрессияға тез түседі. Психодиагностикалық жұмысты көп жүргізу керек. Қызылорда облысында жыл басынан бері екі, ал өткен жылы 18 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Сондай-ақ, осындай қадамға бармақ болған 21 бала өлім аузынан қалды. Бұл , сонымен қатар, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында да белең алған өзекті мәселе.

Сонымен қатар, Мәжілістің ұйытқы болуымен өткен халықаралық конференцияда жабылып жатқан балалар үйін дағдарыс орталығына айналдыру туралы ұсыныс жасалды.

Бұл ретте ҚР Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева: «Қазақстандық балаларға бақытты өмір сыйлап, оларға уайым-қайғының не екенін сездірмес үшін көптеген жұмыс жасауымыз керек. Балалар құқығын қорғау бойынша бірқатар заңды жетілтірген жөн. Сондай-ақ, мүгедек балалармен жұмыс жасауда медициналық модельден әлеуметтік үлгіге көшуіміз қажет. Бүгінде Қазақстанда 130 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Олардың үштен бір бөлігі ғана тиісті білім мен қызметке қол жеткізе алады. Соңғы жылдары мүгедек балаларды бауырына басып, оларды емдеуге қаржысын аямайтын қайырымды жан саны көбейіп келеді» деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар