Зағипа Балиева бала өліміне алаңдаулы

«Қазақстанда соңғы 10 жылда балалар арасындағы өлім-жітім статистикасында жалпы төмендеу тенденциясы бар. Дегенмен, жағдай алаңдатарлық. 2008 жылы 10129 бала қаза тапса, 2017 жылы бұл сан 5355 баланы құрады. Яғни, бала өлімі 2 есеге төмендеген. Сараптама төмендеу аурудан өлгендер санының азаюы нәтижесінде орын алғанын көрсетті. Ал сыртқы себептердің әсерінен, жөл-көлік апаты, суға кету, өрт, суицид және өлтіруден көз жұмған балалардың саны әлі де жоғары», - деді Мәжіліс депутаттары алдында Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі өткен жылдың ішінде атқарған қызметтер жайында баяндай келе.
Оның дерегінше, елімізде жыл сайын жол-көлік апатынан 200-300 бала көз жұмады. Соңғы 5 жылда республика аумағындағы су қоймаларына 1059 бала батып кетсе, өрттен 227 бала қаза болған. Жыл сайын балалар кісі қолынан да қаза табады. Мәселен, 2017 жылы елімізде 26 бала өлген.
«Жыл сайын суицидтің салдарынан балаларды жоғалтудамыз. Дегенмен, суицид бойынша төмендеу де бар. Егер 2013 жылы 200 бала өзіне қол жұмсаса, 2017 жылы 136 бала суицид жасады. Нені дұрыс жасамай отырмыз? Мемлекеттік шаралар неліктен толықтай қанағаттанарлық нәтиже әкелмейді. Бейбіт өмірде, соғыссыз, снарядтар мен оқ атусыз балалардың өлімі орын алады. Ең қорқыныштысы, балалар туған-туыстарының, жақындарының ортасында, ауруханада, мектепте, аулада көз жұмады. Бұл аумақтар қауіпсіз, жайлы және қорғалған болуы тиіс», - деді балалар омбудсмені.
Осы ретте ол балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырау прблемасы бүкіл әлемде өткір тұрғанымен көлеңкеде қалып отыр. Себебі мұны барлығы бірдей жария және ашық түрде айта бермейді.
«Қазақстан бұл жайында жария, ашық түрде айтып, барлық шараларды қабылдауда. Сол үшін де жоғары баға алып отырмыз. Бірақ, бұл үшін жоғары баға алғымыз келмейді. Елінде 2015 жылы жолдарда, ауруханаларда бірде бір бала өлмеген, бірде бір бала зорлық-зомбылыққа ұшырамаған Норвегия сияқты жоғары баға алғанын қалаймын», - деді Зағипа Балиева.