Зальцбургте ҚР-дің жекелеген өңірлері мен Австрияның федералды жерлері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланды

АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Австриядағы Елшісі Қайрат Әбдрахманов Зальцбургтің федералды жерінде болды, деп хабарлады ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен.
None
None

Сапар барысында губернатор - Зальцбург жері Үкіметінің басшысы Габи Бургсталлермен, Экономикалық палатаның вице-президенті Петер Гензермен және қарқынды дамып келе жатқан еуропалық өңірлерге жатқызылатын австриялық провинцияның танымал жетекші өнеркәсіп, көліктік-логистикалық және туристік компаниялардың басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өтті.

Зальцбург Үкіметінің басшысы федералдық жердің іскер ортасы Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытып отырғандығын айтып, жоғарғы технологиялар, автоматтандыру және бағдарламалық қамтамасыз ету, телекоммуникация, энергияның жаңғырмалы көздері, азық-түлік өнеркәсібі, туризм, ұлттық саябақтарды құру салаларындағы бай тәжірибесімен бөлісуге дайындығын атап өтті.

Өз кезегінде Қазақстан Австрия үшін энергиялық қорларды жеткізумен (мұнайдың шамамен 35 пайызы Австрияға Қазақстаннан жеткізіледі), өсіп келе жатқан индустриалық, инвестициялық және туристік әлеуетімен қызықты.

Ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша кездесулер барысында Қазақстанның жекелеген облыстары мен Австрияның федералдық жерлері арасындағы сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Тараптар мәдени ынтымақтастықты дамытудағы қызығушылығын айтып өтті. Олардың пікірлерінше, Г.Бургсталлердің қолдауымен жыл сайын шілде-тамыз айларында өткізілетін Зальцбург музыкалық фестиваліне қазақстандық әртістер де қатысуы керек.

Келіссөздер барысында туризм саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, қазақстандық туристік кадрларды Зальцбургтың мамандандырылған оқу мекемелерінде даярлау мүмкіндіктері талқыланды.

Соңғы жаңалықтар