Заманауи құрылғы жүрек донорын алмастыра ала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы UMC жүрек орталығында жүрек жеткіліксіздігі дертіне шалдыққан науқастарды қолдау бағдарламасының 10 жылдығы атап өтілді. 2014 жылғы 19 тамызда Қазақстанда жүректегі қан айналымын механикалық қолдайтын аппаратты орнату бойынша алғашқы ота жасалды.

LVAD HeartMate 3 (left ventricular assist device) - қан айналымына механикалық қолдау көрсететін жүректің сол жақ қарыншасына арналған көмекші құрылғы. Имплант құрылғы жүректің қан айналымына және ағзаны оттегімен қанықтыруға көмектеседі. Құрылғы кабель арқылы сыртқы басқару жүйесіне қосылады және қуатталады.
UMC жүрек орталығының кардиолог-дәрігерлерінің айтуынша, Қазақстанда жүрек жеткіліксіздігінің соңғы сатысына жататын пациенттердің саны бойынша нақты статистика жоқ. Өткен жылы еліміз бойынша аталған диагнозбен 400-ге жуық пациент ресми тіркелген.
University Medical Center басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынованың айтуынша, Еуропа мемлекеттерінің мәліметтеріне сәйкес, жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен ауыратын науқастардың саны 4-тен 40 мың адамға дейін жетеді.

«Біздің орталық құрылғының клиникалық зерттеуін бастауға рұқсат алған 5 елдің қатарында. Аппаратты зерттеу үшін 8 бірлік берілді, нәтиже беруіне байланысты біз зерттеуден тыс технологияны пайдалануға рұқсат алдық. Бұл бүгінде жүрек трансплантациясын қажет ететін науқастар үшін оң шешім. Донорлардың саны шектеулі, ал құрылғы тиімді балама. Hart Male3 құрылғысы пациенттерге донорлық жүрек кезегін күтуге мүмкіндік береді, оның жалғыз кемшілігі құрылғының ішкі ғана емес, сыртқы бөлігі де бар. Әзірлеушілер осы технологияны жетілдіру және құрылғының сыртқы бөліктерін алып тастау бағытында жұмыс істеп жатыр. Болашақта бұл жүрек трансплантациясына балама болуы мүмкін», - деді University Medical Center басқарма төрағасы Юрий Пя баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ брифинг барысында еліміз бойынша жүрек трансплантациясы кезегінде 149 пациенттің тұрғаны айтылды, оның арасында 10 бала бар.
«Біздің орталықта жүрек трансплантациясын жасатқан 94 пациенттің 46-сы қан айналымы механикалық қолдаудан өтті. Импланттан кейін бір жыл ішінде өмір сүру көрсеткіші трансплантацияға қарағанда жоғары», - деп толықтырды University Medical Center басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова.
Қан айналымын механикалық қолдауды енгізу Тараз, Алматы және Шымкент қалаларындағы медициналық мекемелерде де жүргізіледі. LVAD қызметінің басшысы Наиль Хисаммутдинов отадан кейін аппараттары бар науқастар әр 3 ай сайын тексеруден өтетінін айтты.