Заң ешкімнің шен-шекпеніне қарамайды
Жиынға Алматы гарнизоны әскери сотының төрағасы Мұхаметжан Пақырдінов жетекшілік етіп, қарулы күштердегі сыбайлас жемқорлық фактілерін ашық айтып, сынға алды. Шенділерді шетінен тұрғызып, сұрақтың астына алған төраға, ең әуелі, жемқорлықпен күресті күшейту керектігін қатаң ескертті. Ол өз сөзінде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деректері еліміздің әскер саласында да кездесетінін жасырмады. «Республикамыздың әскери соттары күнделікті жұмыс барысында сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерді қарайды. Әсіресе, лауазымы жоғары әскери қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық фактісімен істі болуы қоғам назарын аударуда. Мысалы, Асенов, Ильясов, Бульдешов, Майкеев сынды генералдардың үстінен қозғалған қылмыстық істерді аты шулы қылмыстық оқиға деуге болады. Әрине, бұл мақтанарлық іс емес, керісінше, мұны еліміздің Қарулы күштерінің атына түскен дақ және елімізге төнген қауіп деп бағалау керек. Десек те, бұл фактілер біздің сыбайлас жемқорлықпен күресте ешкімнің шен-шекпеніне, лауазымы мен атақ-дәрежесіне қарамай, лайықты жазасын беретінімізді білдіреді», - деді сот төрағасы.
Осы орайда, Алматы гарнизоны әскери сотында үстіміздегі жылдың тоғыз айында 12 тұлға сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша сотталған. Ал, өткен жылы осындай қылмыс жасаған 8 әскери жазаға тартылыпты. Бұл әскерилер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың өткен жылға қарағанда артқандығын байқатады. Сот төрағасы М.Пақырдінов: «Сыбайлас жемқорлық фактілері негізінен бақылау қызметін жүзеге асыратын әскерилер арасында жиі орын алады. Атап айтсақ, Қазақстан мен Қырғыз Респубикасының шекарасында орналасқан Қордай шекара қызметі №2038 әскери бөлімінің офицерлері майор Керимбаев, капитан Улухманов пен Ибраевтардың қызмет бабын асыра пайдаланып, сыбайлас жемқорлықпен айналысқандары әшкере болды. Олар әскери соттың үкімімен заң алдында лайықты жазаларын алды», - деп өз сөзін нақты фактілермен растап берді.
Рас, темірдей тәртіпті сүйетін әскерилердің арасында жемқорлық індеті бар дегенге сену қиын. Тіпті, бұл саладағы сыбайлас жемқорлықтың сипаты да өзгеше көрінетіндей. Атауынан ат үркетін құзырлы орган басшыларының қолына кісен түсіпті дегенді естігенде елең етпейтін жан жоқ шығар, сірә. Мысалы, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Майкеевтің аса ірі көлемде пара алып ұсталғаны және оған пара ұсынған үш бірдей кәсіпкердің де темір торға тоғытылғанынан халық хабардар. Бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленген Майкеев мемлекеттік «Даңқ», «Айбын» ордендерінен де қоса айырылғаны есте. Осылайша, бұрынғы генерал-майордың темір торға тоғытылуы «заң алдында хан да, қара да тең» екенін тағы да бір дәлелдеп бергендей.