Заң клиникаларын дамыту бойынша түбегейлі реформалар жүргізу қажет

АСТАНА. KAZINFORM – Заң мамандығын стандарттау мәселесін кешенді түрде қарастыру қажет. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев айтты.

кеңес
Фото: Ақтөбе облыстық қоғамдық штабы

- Теориялық негіздері де, практикалық дағдылары да бар заңгерлерді сапалы даярлау өзекті мәселе. Мұнда біздің ойымызша, ерекше назар аударуды қажет ететін бірнеше мәселе бар. Біріншіден, қазіргі жоғары білімнің үш деңгейлі жүйесі бакалавр және магистр дәрежелері бойынша білім беру бағыттарының міндетті түрде өзара байланысты болуын талап етпейді. Яғни, қазір бейінді емес жоғары білімі бар тұлға «Құқық» бағыты бойынша магистратураға түсе алады және оны аяқтағаннан кейін жоғары заң білімі бар тұлға болып саналады, - деді министр.

Мысалы, оның айтуынша, техникалық мамандық бойынша 4 жыл оқыған студент «Құқық» бойынша бір жылдық магистратура курсынан өтіп, бағытын түбегейлі өзгертіп, нәтижесінде заңгер болып жұмыс істей алады. Демек, мемлекеттік қызметкер ретінде норма шығаруға тікелей қатыса алады немесе сотта адвокат ретінде азаматтардың құқықтарын қорғайды. Бұл ретте білім туралы заң «Құқық» бағыты бойынша жеке магистр дәрежесін толыққанды жоғары заң біліміне теңестіруге бола ма, жоқ па деген сұраққа нақты анықтама бермейді.

- Осы орайда бұл мәселені құқықтық нақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан пысықтау, сондай-ақ «Құқық» бағыты бойынша бакалавриат пен магистратура арасындағы тікелей байланысқа қойылатын талаптарды белгілеу орынды деп санаймыз, - деді ол.

Министр екіншіден, «Кәсіптік біліктілік туралы» Заң аясында заң мамандықтарын стандарттау мәселесі пысықталып жатқанына тоқталды.

- Жалпы, заң мамандығы көп жақты саналады және негізгі құқықтық білімнен бөлек салалық бағыттарды қамтиды. Осыған байланысты оны стандарттау мәселесін кешенді түрде қарастыру қажет. Адвокаттар, нотариустар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылары туралы айтатын болсақ, олардың қызметі заңнамамен толыққанды белгіленген.Өйткені бұл қоғамдық құқықтық қатынастардан туындайды. Заңнамада белгіленген лицензиялау, аттестаттау және өзге де тетіктер арқылы кәсіби біліктілікті тексеру тәртібі жалпы тәртіптен ерекшелік саналады және бөлек стандарттарды әзірлеуді талап етпейді, - деді министр.

Ерлан Сәрсембаев үшіншіден, заң клиникаларының әлеуеті арқылы заң кадрларын даярлау сапасын арттыруға ерекше назар аударылатынын айтты.

- Бүгінгі таңда Қазақстанда заң клиникалары тек 8 жоғары оқу орнында бар, сондай-ақ, олардың қызметі жеткілікті танылмаған. Студенттердің практикалық бағытын және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында заң клиникаларын дамыту бойынша түбегейлі реформалар жүргізу қажет, - деді министр.

Айта кетейік, Сенатта өтіп жатқан сот және құқық қорғау жүйелерінің, сондай-ақ нормашығармашылық қызметтің сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың заң қызметтерінің кадрлық әлеуетін нығайту аясында заң білімін дамыту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау барысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев заң саласындағы мамандардың саны бар да сапасы жоқ екенін айтқан болатын.

Ал бүгінде олардың 97 пайызы ақылы негізде білім алып жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар