Заң көмегі шетелдіктерге де көрсетіледі
Сонымен қатар, біздің елдің азаматтары да әлемнің 48 елінде осындай қызмет алу мүмкіндігін иеленбек. «Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасының негізгі жаңалығы осы.
Әділет министрі Берік Имашевтың айтуынша, заң жобасында келісімге қол қойған елдер арасында сот және соттан тыс құжаттарды тапсыру, сот тапсырмаларын орындау, сондай-ақ, тегін құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және дипломатиялық өкілдіктердің өзара іс-қимылының жеңілдетілген тәртібі де белгіленіп отыр. Сондай-ақ құжатқа сәйкес, уағдаласушы мемлекеттердің бірінің азаматтары жергілікті азаматтармен бірдей негізде азаматтық хал актілерінен үзінді көшірмелерді тегін беруді талап ете алатын болады.
Министр аталмыш заң жобасы бойынша шетелде жүрген адамдарға азаматтық немесе сауда істері жөніндегі құжаттарды тапсыру сұрау салушы мемлекеттің консулының өтініші бойынша, ал азаматтық істер бойынша құжаттарды тапсыру сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасы бойынша құзыретті органның көмегімен жүзеге асатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, мемлекет өзінің егемендігіне, қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп санаған жағдайда тиісті құжаттарды тапсырудан бас тартуға құқылы.
Аталмыш конвенция 1954 жылғы 1 наурызда Гаагада жасалып, оған 48 мемлекет мүше екен. Олардың арасында Австрия, Армения, Беларусь, Германия, Египет, Италия, Норвегия тағы басқа алыс пен таяудағы шетелдер бар. Бұл конвенцияға қатысу Қазақстанға азаматтық іс жүргізу саласында екі жақты халықаралық келісімдері жоқ мемлекеттермен әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Бастысы бұл құжаттың талаптарын жүзеге асырудан мемлекеттік бюджетке шығын келмейді. Сонымен қатар ұлттық заңнаманы да сәйкестендіру қажет емес.
Берік Мәжитұлының айтуынша, бұл конвенция Қазақстанның азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері жөнінде ратификацияланып отырған 13-ші құжат екен. Бұдан басқа ТМД шеңберінде еліміз азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Минск және Кишинев көпжақты конвенцияларына қосылған.