Заң мен талап: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында не өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — 2022 жылдан бері жобаларды жоспарлау мен іске асыру сапасын одан әрі арттыру мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы заңнаманы түбегейлі жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Заң мен талап: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында не өзгерді
Фото: ОКҚ

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин саладағы соңғы өзгерістерді тарқатып берді.

Заң мен талап: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында не өзгерді
Фото: ОКҚ

Биыл 15 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заңға қол қойды, оның аясында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңнамаға да өзгерістер енгізілді.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы басшысының мәлімдеуінше, заңнамаға енгізілген негізгі түзетулер мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және концессия саласындағы заңнаманы біріктіріп, бір заңға шоғырландыру арқылы біріздендіруге негізделген. Атап айтқанда, өзгерістер «Концессиялар туралы» заңды алып тастауды көздейді, өйткені оның нормалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы заңның ережелерімен қайталанады. Сонымен қатар, бірыңғай тәсілдер енгізіліп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті құқықтық қолдану практикасы жеңілдетіледі.

Сондай-ақ, түзетулерге сәйкес бұрынғы келісімшарт түрлері (концессия, сенімгерлік басқару, жалдау, лизинг, өмірлік цикл келісімшарттары және т. б.) біріктіріліп, «мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты» деген бірыңғай атаумен біріктіріледі. Тек екі ерекше түр — концессия және сервистік келісім — жеке қарастырылады.

Заң мен талап: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында не өзгерді
Фото: ОКҚ

— Бұрынғы күрделі әрі тым егжей-тегжейлі келісімшарттар жіктемесі жобаларға қатысушыларды да, тексеруші органдарды да жиі шатастырып келді. Шын мәнінде, бұл тек мазмұн ерекшеліктерінің көрінісі ғана еді, ал құқықтық реттеу жағынан айырмашылық болмаған. Мұндай оңайлатылған тәсіл жалған мәмілелердің алдын алып, шетелдік инвесторлар үшін отандық ГЧП тәжірибесін түсінуді жеңілдетеді, — деді Аслан Қалиғазин брифингте.

Енді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары конкурсы екі кезеңнен тұрады

Бүгінге дейін екі кезеңді конкурстар Қазақстанда өте сирек, яғни негізінен республикалық деңгейдегі кейбір жобаларда ғана қолданылған. Ал халықаралық қаржы ұйымдары керісінше, екі кезеңді іріктеуді ең үздік техника-технологиялық және қаржылық шешімді анықтайтын озық тәжірибе ретінде ұсынады. Осыған байланысты енгізілген өзгерістерге сәйкес, жобалау және құрылыс кезеңдерін қамтитын барлық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары екі кезеңді конкурспен өтеді.

Одан бөлек, потенциалды жеке серіктестерге қойылатын талап жеңілдетіліп, жобаға жеке капитал салу мөлшері 20%-дан 10%-ға дейін төмендетілді. Бұл түзету конкурстарға қатысу кедергілерін азайтады және ірі көлемдегі қаржысын сала алмайтын, бірақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын іске асыруға қабілетті компаниялардың нарыққа кіруіне жол ашады.

Сонымен қатар, конкурс алдында жеке шотты тоқтатып қою талабы жойылды, яғни қаражатты растау тек конкурс жеңімпазы анықталғаннан кейін, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартына қол қойылар алдында қажет.

— Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету мақсатында, кеңес беру және сараптамалық қызметтер көрсететін ұйымдарға аккредитация енгізіледі7 Аккредитацияны Ұлттық экономика министрлігі өз талаптарына сай жүзеге асырады және бағалау болмайды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларында кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар үш маманның және халықаралық CP3P сертификатына ие кемінде екі маманның болуы кіреді. Сондай-ақ, жобаларды жоспарлау мерзімін және әзірлеу мен сараптама жүргізуге кететін мемлекеттік шығынды қысқартуға мүмкіндік беретін «Бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» механизмі енгізілді. Бұл — рәсімдерді оңтайландыру және үлгілік құжаттаманы қолдану арқылы жүзеге асырылады, — дейді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басшысы.

Бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салалық орталық мемлекеттік органдар жобалардың базалық параметрлерін өз бетінше айқындай алады. Жеке серіктесті айқындау және шартқа қол қою қағидаларын өздері бекітеді. Сондай-ақ, салалық ерекшеліктерді ескере отырып, конкурс өткізуге арналған үлгілік құжаттардың дайын пакетін қолдануға мүмкіндік алады.

Бүгінде мектептер, жатақханалар және емханалар салу мен пайдалану жобаларын тираждап іске асыруға арналған салалық қағидалар мен үлгілік құжаттар бекітілді. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және экология салалары бойынша осындай құжаттар әзірлену және келісу сатысында.

Заң мен талап: мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында не өзгерді
Фото: ОКҚ

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары саласындағы ағымдағы жағдай 

Бүгінде жалпы сомасы 3,4 трлн теңгеге 1200-ден астам келісімшарт жасалды, оның ішінде 719 жоба жүзеге асырылу кезеңінде, 391 жоба аяқталды. Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары бойынша келісімшарттар көбіне білім беру, денсаулық сақтау, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы саласында жасалды. Аталған салалар жалпы жобалардың 88%-ын құрайды. Ал құндық тұрғыдан 33%-ы көлік және инфрақұрылым саласына тиесілі, себебі бұл салаларда ең капиталды қажет ететін жобалар, мысалы, автожолдар мен әуежайлар жүзеге асырылып жатыр.

Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары аясында 54 келісімшарт жасалды, оның жартысынан көбін Атырау және Түркістан облысында мектеп асханаларын жаңғырту жобалары құрайды. Ең ірі жобалар (құны 20 миллиард теңгеден асатын) Алматы облысында Конаев қаласында кәрізді тазарту құрылыстарын салу және пайдалану, сондай-ақ жолдар мен қоғамдық қауіпсіздік жүйесін енгізу және пайдалану бойынша екі жоба бар, Атырау қаласында 4000 орындық екі мектепті салу және пайдалану бойынша екі жоба қолға алынды. Сонымен қатар абаттандыру, студенттерге арналған жатақханалар құрылысы және спорт кешендерін, спорт клубтарын, балалар спортын ұйымдастыру және пайдалану бойынша 7 жоба бар.

— Қаржыландырудың ауқымы мен тиімді басқарудың қажеттілігін ескере отырып, өңірлік деңгейде мониторинг жүргізу және жобалардың нәтижелерін бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Жобалардың бюджеттен тыс қаржыландыру көздері мен тұтынушылардың төлемдері арқылы өтелетін үлесін арттыру және әкімдіктердің мониторинг жүргізу процестерін ұйымдастыру мақсатында өңірлерде рейтинг енгізілуде. Қазіргі уақытта рейтингті есептеу әдістемесі әзірленіп жатыр, — дейді А. Қалиғазин баспасөз мәслихатында.

Кадр даярлау

2015 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары даму орталығында мемлекеттік органдардың және бизнес қоғамдастығының мамандарын оқытып жатыр. Соңғы үш жылда шамамен 60 семинар мен вебинар өткізіліп, 800-ге жуық қатысушы қамтылды. Жыл сайын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары даму орталығында оқытуды өтемін дегендердің қарасы артып келеді. Бұл оқыту жүргізу тәсілдерінің үздіксіз жетілдірілуімен, клиентке бағдарланудың артуымен байланысты. Мысалы, Ақтөбе, Алматы, Қонаев, Қостанай, Қарағанды және Түркістан қаласында көшпелі семинарлар өткізілді.

Кәсіби ортада дамуды ескере отырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары даму орталығы оқытуға қатысты тәсілдерді жақсарту бойынша жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Нақтырақ айтқанда, қатысушылардың нақты мәселелері мен міндеттеріне бағытталған мақсатты семинарлар, сондай-ақ бейнемазмұн форматындағы семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар, кейс-стади енгізу, жүзеге асырылған жобаларды талдау, мемлекет пен жеке серіктестер арасындағы келіссөздерді модельдеу үшін іскерлік ойындар өткізу көзделіп отыр.

Халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында халықаралық қаржы институттары қатысатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сапалы түрде даярлауға назар аудару қажеттігін атап өтіп, Үкіметке халықаралық қаржы институттары арқылы қаржыландырылатын ірі жобалар пулын құруды тапсырды.

Осы орайда бүгінде халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары пулын қалыптастыру бойынша жұмыс қолға алынды. Жобалар жергілікті және орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстарынан таңдалады. Кейін олар халықаралық қаржы институттарымен келісіліп, Үкімет бекітетін тиісті тізімге енгізіледі.

— Жобаларды әзірлеу халықаралық қаржы институттары таңдаған консультанттармен, мүдделі мемлекеттік органдар мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары орталығының қатысуымен жүргізіледі. Мысалы, Қарағанды қаласындағы университеттік аурухана жобасы бойынша, тізімге енгізілген, Азия даму банкі (АДБ) консультанттары конкурс құжаттамасын әзірлеп, жеке серіктесті (концессияшыны) таңдау бойынша халықаралық конкурс жариялады. Қазір Азия даму банкі консультанттары Алматы қаласында 2900 орындық студенттік жатақхана құрылысын және пайдалануға беруді жүзеге асыру жобасы бойынша құжаттаманы әзірлеп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары пулының болуы халықаралық инвесторлар тарапынан мемлекет инвестициялық саясатының ашықтығы мен жүйелілігі ретінде бағаланып, оның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Бірлескен жұмыс сөзсіз ең үздік халықаралық тәжірибелерді қолдану арқылы жобалардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, — деп толықтырды Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басқарма төрағасы Аслан Қалиғазин.

Бұған дейін елімізде ендігі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты тек конкурстық негізде жасалатыны туралы хабарлаған едік. 

Былтыр елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын дайындау қорлары құрылатыны белгілі болды. 

Соңғы жаңалықтар