Заң шығару үдерісінде қазақ тіліндегі drafting орталықтарын құру керек — сенатор

АСТАНА. KAZINFORM — Заң шығару үдерісінде қазақ тіліндегі drafting орталықтарын құру керек. Бұл туралы Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай айтты.

Мәжіліс қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс туралы заң жобасын қабылдады
Фото: Виктор Федюнин/ҚазАқпарат ХАА

— Жалпы халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекетте тіл саясатының табысты дамуы заңнамалық механизмдерге тікелей байланысты. Канадада 1988 жылғы Official Languages Act заңы бойынша барлық заң мәтіндері бастапқыдан екі тілде әзірленеді және екі нұсқаның да бірдей заңдық күші бар. Уэльс автономиясында 2012 жылы қабылданған Welsh Language Measure Act актісі валлий тілін ресми мәртебеге көтеріп, заң шығару процесін екі тілде жүргізуді міндеттеді. Латвияда мемлекеттік тіл — тек латыш тілі. Барлық заң мәтіндері тек латыш тілінде әзірленеді. Бұл — ұлттық бірегейлікті сақтаудың негізгі қағидаты, — деді Сенат депутаты.

Оның атап өтуінше, осы тәжірибелер Қазақстан үшін маңызды.

— Біздің еліміз Канада мен Уэльс үлгісіндегі қостілді құқықтық модельге ие, алайда басты айырмашылық — бастапқы drafting (жазу — ред.) тілі. Канадада ол екі тілде қатар, ал Қазақстанда көбіне орыс тілінде жүреді. Сондықтан заң шығару үдерісінде қазақ тіліндегі drafting орталықтарын құру, сондай-ақ заңгерлер мен лингвистердің біріккен сараптама жүйесін енгізу — уақыт талабы, — деді Бибігүл Жексенбай.

Сонымен қатар сенатор заң жобаларының алғашқы drafting тілін — мемлекеттік тіл ретінде бекіту қажеттігін атап өтті.

Отырыста Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлейменова мемлекеттік тілдің басымдығы заң жүзінде бекітілгенімен тәжірибеде қолданылу деңгейі әлі де жеткіліксіз екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар