Заң шығару ісін жаңа сапалы деңгейге көтеруге жағдай жасалуда - Р. Түсіпбеков

; АСТАНА. Қазанның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еліміздегі заң шығару үдерісінің сапасын көтеру, заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу кезінде кездесіп отырған кейбір проблемалар жайлы және осы саладағы басқа да өзекті мәселелер жөнінде Қазақстан Республикасының Әділет министрі  Рашид Түсіпбековпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
None
None

- Төртінші шақырылымдағы ҚР Парламенті үшінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы  Н. Назарбаев Қазақстандағы заң шығару үдерісінің сапа­сын едәуір көтеріп, оны еуропалық стандарттарға одан әрі жақындата түсу қажеттігін айтты. Рашид Төлеутайұлы, қалай ойлайсыз, заң шығару ісін дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін не істеу керек?

  - Күннің батуы мен шығуы қандай ақиқат болса, тұтас қоғамның бір орында шиырлап тұрып қалмай  дамитыны да сондай шындық. Ендеше жүйелі һәм тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін заңнамалық базаны да ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Мемлекет басшысының ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін Үкіметке жүктеген тапсырмаларының орындалуы осы жұмыспен тікелей байланысты. Оның үстіне қазіргі күні сапалы заң азаматтық  қоғамның алғышарты екені баршаға мәлім. Қоғамдағы күнделікті қарым-қатынастар да заң шығару ісімен байланысты десек, бұл санатта Әділет министрлігінің алар орны, атқарар қызметі орасан зор. Дегенмен, қазіргі таңда қабылданып жатқан заңдарға қатысты түрлі сын-ескертпелердің де айтылып жүргенін жасырмаймыз. Қанша адам болса, сонша пікірдің туындайтынын ескерсек, әрине, бұл заңдылық. «Би екеу болса - дау төртеу болады», демеуші ме еді дана халқымыз. Сын түзелмей, мін түзелмес. Сондықтан заң шығару ісінің маңыздылығын ескере келе, осы салаға кең ұғымда қарап, сұрақ қоюыңыз әділ.

 Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың заң шығару ісіне баса мән беруінің арқасында құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Нарықтың зіл батпан салмағынан беліміз бүгілген 90 жылдардың қиындығын еңсеріп, отандық экономиканың тез оңалуына заңнамалық базаның уақытында қалыптасуы елеулі үлес қосқаны сөзсіз. Қазіргі таңда еліміздің құқықтық жүйесі басты-басты 283 заңнан және Қазақстан Республикасының 16 кодексінен тұрады. Бірақ бұл осымен болдық-толдық деген сөз емес.                 
                                                                                                                                                                                            

Әділет министрлігінің тұтастай мемлекеттің құқықтық жүйесін қалыптастыратыны Әділет органдары туралы заңда да анық айтылған. Бірақ әділет ведомствасы заң шығару ісімен ғана емес, нотариаттар мен адвокаттар институты, қылмыстық атқару жүйесі және халыққа қызмет көрсету орталықтары, сот сараптамасын жүргізу мен діни істер тәрізді бірнеше саланың жұмысын жүйелеп отырған ауқымды орган. Әрине, бұл  айтуға оңай болғанымен, мемлекет үшін маңызды істерді тиісті деңгейінде атқарып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің алдымызға қойған тапсырмаларын қалтықсыз орындауда үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

 Озықтардың қатарынан ойып тұрып орын алғысы келетін кез-келген мемлекет әрбір азаматтың мүддесін ескеріп, пікірін құрметтей білуі шарт. Бұл ойдағыдай даму жолына түсіп, қоғамдағы келісімді сақтаудың қайнар көзі. Қазақстанның бүгінгі жетістігі де - осындай ұлы міндетке деген ұмтылыстың, бүгінгі күнге дейін қабылданған заңдардың баянды жұмыс істеуінің арқасында мүмкін болды. Біз оны мойындаймыз. Бірақ бір орында  қалып қалмауымыз керек.

 «Тауына қарай аңы, заманына қарай заңы» деген мәтел бар. Бірақ уақыттың ығына үнемі жығыла беру де үлкен саясат емес. Дәл қазіргі кездегі ең үлкен саясат жағдайды өзгерте білуде. Демек, заңның қабылдануы бір басқа, ал  оның орындалуы бір басқа десек, дәл осы тұста жағдайды өзгерту дегеніміз - заңдардың неғұрлым тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету. 2008 жылы Үкімет Парламент қабырғасына 68 заңның жобасын ұсынды. Ал биылдың өзінде 44 құжат кезекте тұр. Оның тоғызы Парламенттің талқылауында жатса, он бірі Үкімет пен Президент әкімшілігінің қарауында. 24 заң жобасы әзірленіп жатыр. Бірақ заңның сапасы санмен өлшенбейді. Десек те, саяси құжаттардың көбінің толыққанды сұрыптаудан өтпей, осал тұстары кездесіп жататыны жасырын емес. Кей жағдайда заңдардың саяси сипат алуы салдарынан, оны саралап жататындар да некен-саяқ. Яғни, құжатты құнттап қарауға кейде заңгерлердің де құлқы болмайды. Бұған заң шығару ісіне ғылыми тұрғыдан келудің орнына ведомствалық мүдделердің ескерілуі себеп. Осы олқылықтардың орнын жойып, проблеманы кешенді түрде шешу үшін ұзақ мерзімді «Құқықтық саясат концепциясы» қабылданды. Құжат 2010-2020 жылдар аралығын қамтиды. Аталмыш жобаның отандық заң шығару ісін дамудың жаңа деңгейіне көтеретініне кәміл сенеміз. 

- Қазақстандағы заң жобаларының сапасын, жалпы заң сараптамасын жүргізуді жетілдіру бағытында атқарылып жатқан істерге тоқталып өтсеңіз?

- Қазіргі таңда заң жобаларының теориялық негізін әзірлеумен Әділет министрлігі жанындағы «Заңнама институты» ЖШС айналысады. Шын мәнісінде бұл құрылымның мойнына жүктелген міндет анағұрлым ауқымды. Бүгінде институттың құрамында 70-ке жуық ғылыми қызметкер бар. Алайда, олар осы уақытқа дейін заң жобаларын дайындауға бар ынта-ықыласымен кірісе алмай келді. Бұған бірнеше фактор себеп. Мәселен, ғылыми қызметкерлерге төленетін жалақы мардымсыз. Сол себепті заңгерлердің барлығы дерлік институтта тек қосымша қызмет жасайды. Мұндай жағдай әрине заң шығару ісінің, сапалы заң шығару ісінің ілгері жылжуына кедергі келтіреді. Осының барлығын саралай келе, жуырда институттың мәртебесін арттыру туралы шешім қабылданды. Бұдан былай аталмыш құрылым коммерциялық сипаттағы «жауапкершілігі шектеулі серіктестік» емес, мемлекеттік мекеме мәртебесін иеленіп, Әділет министрлігі жанындағы «Мемлекет және құқық институты» болып қайта жасақталмақ. Бұл қадам ғылыми қызметкерлердің мәртебесін өсіріп қана қоймайды, сонымен қатар олардың жалақыларының мөлшерін ұлғайтуға және жұмысқа деген ыждағаттылықтарының артуына ықпалын тигізеді. Бұдан бөлек, «Мемлекет және құқық институты» Үкімет пен Парламент жұмысына қажетті құқықтық зерттеулер жүргізеді. Қабылданған заңдардың тиімділігін саралап, барлық министрліктер мен басқа да мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін заңгерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға атсалысады. Институтқа мемлекеттік мекеме мәртебесін беру арқылы біз юриспруденция, экономика, философия, саясаттану, әлеуметтану салаларына, сондай-ақ тағы да басқа салаларға еңбегі сіңген тәжірибелі ғалымдар мен кәсіпқой заңгерлерді жұмысқа шақырамыз. Бұл заң жобаларының сапалы әзірленуіне жол ашады.

Бүгінгі күні заң жобаларын Әділет министрлігі жанындағы «Заңнама институты» ЖШС-нен бөлек, әрбір министрліктер өздері дайындайды. Мұндай үрдістен арылатын уақыттың келгенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Себебі, түрлі мүдделер қақтығысынан сайып келгенде заң жобасы жекелеген ведомствалардың ыңғайына икемделіп, кейбір маңызды тұстар ескерілмей жататыны бар. Мұның салдары әрине түрлі қарама-қайшылықтар тудырары сөзсіз. Жаңадан құрылатын институттың ең негізгі мақсаты - осы кемшіліктерді жою. Бұдан былай заң жобаларын әзірлеу механизмі 4 кезеңнен тұрмақ. Алдымен, тиісті министрлік құжаттың ілкі  концепциясын дайындайды. «Мемлекет және құқық институты» жұмыс барысында оның қаншалықты дұрыс-бұрыстығын зерттеп, заңның жобасын әзірлейді. Құжаттың нобайы дайын болғанда Әділет министрлігі заң жобасындағы баптардың Конституция мен басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігін қадағалайды. Соңғы кезеңде Үкіметтің келісімімен Президент әкімшілігі тағы бір мәрте сүзгіден өткізеді. Тек содан кейін барып ғана терең талдаудан өткен заң жобасы Парламент қабырғасына жіберіледі. Бұдан өзге қалың бұқараның пікірін ескеру мақсатында, заңның жобасы интернет сайтта жарияланып, баршаға қолжетімді болмақ. Демек, кез-келген азаматтың ғаламтор арқылы қандай да бір заң жобасына қатысты ұсыныс айтуына толық мүмкіндігі бар.

Осылайша мұқият зерделеніп, парасат пайымнан өтіп барып қабылданған заңдар ғана күнделікті өмірде өз нәтижесін береді. Қазір заңға өзгеріс енгізу үрдісінің белең алғаны сонша, қарапайым азаматтар тұрмақ, білікті заңгерлердің өзі қай заңға қандай толықтырулар жасалғанынан бейхабар болып жатады. Ал жоғарыда атап өткен «Мемлекет және құқық институтының» жұмысын дұрыс жолға қойсақ, қолданысқа енген заңға көп уақыт өтпей жатып толықтырулар енгізетін құбылыстан арыламыз. Қорыта айтқанда, заң шығару ісін жаңа сапалы деңгейге көтеруге жағдай жасалады.

 - Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда еліміздегі заң жобаларының басым көпшілігі ресми тілде әзірленеді де, одан кейін мемлекеттік тілге аударылады. Депутаттардың арасында бұған сын айтушылар бар. Басты уәж - мемлекеттік тілге аударылған заң жобалары сапасының сын көтермейтіндігі. Осы орайда, сұрайын дегенім: заң жобаларының ең болмағанда, 50 пайызы неге мемлекеттік тілде әзірленбейді? Әлде бізде мұндай мүмкіндік жоқ па?

  - «Қазақстан Республикасының тіл туралы»  Заңы мен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша Әділет министрлігі мақсатты жұмыстар жүргізіп отыр. Айталық, Әділет министрінің бұйрығымен іс жүргізу 2007 жылдың қаңтар айынан бастап толықтай мемлекеттік тілге көшкендіктен, министрлік қабырғасында әзірленіп жатқан заң жобалары да қазақ тілінде дайындалуда. Бірақ  құжаттардың  мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндерінің бірдей жазылмауы ортақ терминологиялық сөздіктің жоқтығымен байланысты. Осының салдарынан Премьер-Министр Кеңсесі, Парламент және мемлекеттік органдардың аудармашылары арасында дау туындайды. Заң мәтіндеріндегі қарама-қайшылықтардың көбі кейбір қазақша сөздерге орыс тіліндегі баламасының дәл келмеуінен орын алып жатады. Мағынасы толық ашылмай, түсінбеушілік туғызады.

 Заң жобаларын мемлекеттік тілде жазудағы кедергілердің бірі  - мемлекеттік органдарда ана тілімізді жетік білетін қызметкерлердің аздығы. Бұл проблеманы шешу мақсатында Әділет министрлігі нақты іс-шаралар атқарып жатыр. Айталық, 1998 жылдан бері қазақ тілін оқыту курстары орталық аппаратпен қатар, жергілікті жерлерде жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, Әділет министрлігіне мемлекеттік тілді жатық білетін білімді заңгерлер жұмысқа алынуда. Шынтуайтына келгенде,  мұндай мамандарды табу оңай емес. Бірақ біз қол қусырып отырған жоқпыз.

Заң жобаларын әзірлеу бойынша жұмыс топтарының құрамына ғалымдар, депутаттар, үкіметтік емес және басқа да мемлекеттік ұйымдардың өкілдері енгізілген. Осы жұмыс топтардың отырыстарын Әділет министрлігі мемлекеттік тілде жүргізеді. Алайда, кейбір ғалымдар мен мамандар мемлекеттік тілді білмегендіктен, қосымша жұмыстар туғызады. Мысалы, оларға заң жобаларының орыс тіліндегі мәтіндерін әзірлеуге тура келеді. Сондықтан,  қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, оның мәртебесін нығайту жөнінде жүйелі жұмысты жалғастыруға тек мемлекеттік органдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар және басқа да қоғамдық құрылымдар атсалысуы қажет. Себебі, қазақ тілінің беделін әлемдік тілдердің деңгейіне көтеру - Президентіміздің стратегиялық мақсаттарының бірі, біз оны орындауға міндеттіміз.   

- Халыққа қызмет көрсететін орталықтар ұсынатын мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруда қандай жұмыстар жасалуда? Жалпы республика бойынша мұндай орталықтар халықтың сұранысын, талап-тілегін толық қанағаттандырып отыр ма?

 - Әрине, халыққа қызмет көрсету орталықтары қалың көпшіліктің талап-тілегін қанағаттандырып отыр деп толық сеніммен айта аламыз. Бүгінде кез-келген азамат құжат рәсімдеу үшін әр жерде орналасқан мемлекеттік мекемелерге табан тоздырып жүрмей, бар шаруасын халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тындырады. Олар қазіргі таңда 57 қызмет түрін көрсетеді. Азаматтардың төлқұжаты, мекен-жайы бойынша тіркеуге алу және тіркеуден шығару, азаматтық хал актілері, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу куәлігі, салық органдарына берілетін қағаздар және жылжымайтын мүлікке құқықты анықтайтын түпнұсқа сияқты тағы да басқа күнделікті қажетті құжаттарды береді. «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеу - ұзын-сонар кезектен арылып, алтын уақытты үнемдеудің сара жолы болды. Тек өткен жылы ғана халыққа 7 миллионнан астам мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Қазір еліміз аумағында  халыққа қызмет көрсететін 311 орталық жұмыс істейді. Олардың барлығын жергілікті биліктің құзырына беру мәселесі облыс әкімдерінің қатысуымен өткен Үкімет отырысында қаралып, жан-жақты қолдауға ие болды. Министрлік Президенттің тапсырмасымен қолға алынған «бір терезе» жүйесінің ойдағыдай жұмыс атқарып, оның аяғынан тік тұруына бар күш-жігерін салды. Енді халыққа қызмет көрсету стандарттарын жаңа сапалы деңгейге көтеру мақсатымен 2010 жылдан бастап барлық орталықтар жергілікті биліктің қолына өте бастайды. Себебі, бұқарамен тығыз қарым-қатынастағы әкімдіктер жұртшылықтың талап-тілегімен жақсы таныс. Қазіргі әлемдік тәжірибені қарап отырсаңыз да, Дания, Венгрия, Швеция, Голландия сияқты елдерде «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мекемелер жергілікті биліктің құзырында. Ал біздің елімізде Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті билікке берудің өзіндік факторлары бар. Атап айтсақ, бұқараға көптеген құжаттарды жергілікті органдар өздері беретіндіктен, үйлестіру жұмыстары неғұрлым ықшамдала түседі. Халық тарапынан жасалған сын-ескертпелердің уақытылы жойылуына мүмкіндік туады.                      

- Сұхбатыңызға рахмет. Жұмысыңызға сәттілік тілейміз.

Соңғы жаңалықтар