Заң жобасы: Легионер спортшыларға бюджеттің де, «Самұрықтың» да қаржысын беруге тыйым салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаттары Туризм және спорт министрлігімен бірге заңнамаға дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгеріс енгізуге арналған заң жобасын әзірлеп, бірінші оқылымға шығармақшы. Палатаның осы мәселеге арналған жұмыс тобына жетекшілік етіп жүрген депутат Нартай Сәрсенғалиевпен осы құжат туралы сұхбаттасқан едік.
Спорт түрлеріне арналған жас шектеуі бекітіледі
- Нартай мырза, заң жобасының нақты жаңашылдықтары қандай?
- Бұған дейін де заң жобасын талқылаған кезде айтқан едік. Уәкілетті министрлік 180 спорт түрін бекіткен, тиісінше бюджеттен қаржыландырылып келген. Спортқа бөлінген қаражатты ысырап қылмау үшін бұл тізімді қысқарту ұсынылып отыр. Нақты айтсақ, жоғары жетістіктер спортына кіретін спорт түрлерінің тізімі белгіленді. Оның ішінде «басым спорт түрлері» деген ұғымды қосып отырмыз. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері де бюджеттен қаржыландырылады. Бұл заң жобасы спорт инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік спорт ұйымдарының жұмысын қаржыландыру және бұқаралық спортты дамыту бағыттарын да қамтиды.
Мысалы, бұған дейін бұқаралық спорт деген ұғымды дене шынықтырумен алмастыру керек деген ұсыныс айтылып жүрді. Бірақ біз бұқаралық спорт ұғымын сақтап қалдық. Өйткені, уәкілетті министрліктің мәліметі бойынша, бұл түсінік заңда болмаса, бұқаралық спорт түрлерін қаржыландыруға негіз болмай қалады.
Қазақстанда өнер көрсететін шетелдік спортшыларға қатысты маңызды норма бар. Бұл туралы былтыр депутаттық сауал жолдасам, биыл нақты норма ұсындым. Әріптестерім оған қосылып отыр. Қазақстанның азаматтығы жоқ спортшыларға бюджет есебінен қаражат беруге толықтай тыйым салынады.
- Ал «Самұрық-Қазына» арқылы, өңірлік әлеуметтік корпорациялар арқылы аударылатын қаражатты легионер ұстауғажұмсау мәселесі қалай шешіледі?
- Дәл осы кемшіліктің алдын алу үшін екінші норманы ұсындық. Яғни, квазимемлекеттік сектордың қаражаты есебінен де Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларға қаржы бөлуге тыйым салынады. Бұл нормамыз да Үкіметтің тиісті қорытындысын алды.
Біз осы заңның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасауды қарастырдық. Өйткені кейінгі Олимпиадалар мен халықаралық жарыстарда біздің паралимпиадашылар өте жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге бірінші топтағы мүгедектерге арналған норма ұсындық. Мысалы, қазір бірінші топтағы мүгедектігі бар 10 спортшы жарысқа барса, ең көп дегенде олардың жанында 3 адам жүреді. Ал ерекше азаматтарға 24 сағат бойы көмекші керек. Сол үшін біз «спортшыны алып жүретін адам» деген ұғымды енгіздік. Яки, бірінші топтағы мүгедектігі бар әр спортшының жанында бір-бір көмекші болуы керек және оның қаражаты министрліктен төленеді. Спортшыны алып жүретін адамның да жүріп-тұруы мен тамағына, жатын орнына мемлекет ақша төлейді.
Тағы бір маңызды мәселе – балалар спорты. Биыл Ақтауда жекпе-жектен үлкен турнир өтіп, 17 жастағы баланың көз жұмғанын білесіздер. Өкінішке қарай, бұған дейін біздегі спорттық сайыстарға, спорт түрлеріне қабылдауда ешқандай жас шектеуі болмаған. Біз сол дүниені ұсынып отырмыз. Бұдан былай спорт сайыстарына қатысатын кезде балалардың жасы есепке алынады. Шекке жетпесе, қабылданбайды.
-Заң жобасы бойынша өзіңіз айтқан 180 спорт түрінің нешеуі қысқарады?
- Министрліктің берген мәліметі бойынша, жаңа заң бойынша бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлері 60-70 спорт түрімен шектеледі.
- Осы 60-70 спорт түрінің ішінде басым спорт түрінің саны қанша болмақ?
- Жаңа да айтқанымдай, басым спорт түрлері сала өкілдерінің байрақты бәсекелерде қанша жүлде алғанына байланысты болады. Яғни, жетістіктерге байланысты тізім құбылып тұруы мүмкін.
- Федерациялардың санын қалай қысқартпақшысыздар?
- Бір-біріне ұқсайтын бірнеше спорт түрін бір федерацияға біріктіріп алу тәжірибесі бар. Тиісінше алатын қаражат көлемі көбірек болады. Заңда федерацияларға нақты талап қойылады. Осы заң күшіне енгеннен кейін бір федерацияның бір ғана спорт түріне иелік ететін мүмкіндігі болады. Сондай-ақ, ол федерациялар халықаралық федерацияның, Халықаралық олимпиада комитетінің және Ұлттық олимпиада комитетінің мүшесі болуы керек. Федерациялар Қазақстанда жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аккредитацияны алған кезде осы міндеттерге сай болуы қажет.
Уәкілетті министрлік мынадай мәселе көтерді. Бұрын азаматтар өз бетімен федерация құрып, содан кейін барып халықаралық ұйыммен келісім жасайды да, министрлік алдына құжаттарды тастайды. Халықаралық спорт ұйымдары бюрократияға тап келмеу үшін мемлекеттік органдармен жұмыс істеуден бастарын ала қашады. Бұл ұйымдар әр мемлекетте бір ғана ұйыммен жұмыс істейді. Сәйкесінше ерте қимылдаған бір азамат халықаралық ұйыммен келісім жасау арқылы федерациясын рәсімдеп алады. Салдарынан бәсекелестік болмайтын көрінеді. Депутаттар бұл уәжді жұмыс тобы барысында қабылдады. Заң күшіне енгеннен кейін елде арнайы іріктеу өткізіп, Ұлттық олимпиада комитетінің, Халықаралық олимпиада комитетінің мақұлдауы бойынша аккредиттелген федерациялардың тізімі жасақталады. Бұл да өте маңызды норманың бірі деп есептеймін.
Легионерлермен күрес
- Заң жобасында спорттағы легионер ұғымына қандай түсініктеме беріліп отыр?
- Жаңа заң қабылданса, легионерлерге бюджет қаражаты берілмейді. Десек те Қазақстан азаматтығын рәсімдеп алған азаматтарға ондай тыйым жоқ. Мұндай спортшылар Қазақстанның азаматтығын жалпыға ортақ тәртіппен емес, жеделдетілген тәртіппен рәсімдейді. Теннисшілер солай істеді, мысалы. Бірақ сол теннисшілер Париж олимпиадасында өнер көрсетпеді. Олар Қазақстан азаматы болғандықтан бюджеттің ақшасынан қаға алмаймыз. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да олимпиадаға қатысқан спортшылармен кездескенде айтты. Сондықтан спортшылар Қазақстан азаматтығын жалпыға бірдей тәртіппен алу керек, бұл норманы екінші оқылымға дейін қарастырамыз.
Заң жобасындағы тағы бір өзекті мәселеге тоқталғым келіп отыр. Бізде спорт саласында вертикаль жоқ. Жергілікті спорт басқармаларының басшысын тағайындайтын да, басқарманың жұмысына қаржы бөлетін де жергілікті әкімдік. Ал спортшылардың жетістігі болмаған кезде бәріміз Туризм және спорт министрлігінің өкілдерін жағадан аламыз. Министрлік өкілдерімен сөйлескенде алдағы жарыстарға қосатын резерв жоқ екенін айтты. Ол резервті жергілікті басқармалар, бөлімдер, спорт мектептері дайындауы керек. Сондықтан жергілікті спорт басқармаларының басшысын министрлікпен кеңесе отырып тағайындау керек деген мәселе де қаралып жатыр.
Министрлік жұмыс тобында дене шынықтырумен байланысты оқу орындарын жан басына шағып қаржыландыруға көшірсек дейді. Бұл мәселені де жан-жақты қарап жатырмыз.
- Федерациялардың жұмысын қадағалау, тиімділігін бағалау қалай реттеледі?
- Қазір бірнеше федерацияның басшысы қызметінен кетіп жатқанын көріп отырсыздар. Бірақ талап күшейтіледі. Министрлік өкілдері федерациялардың бес жылдық жоспары, ол жоспарды іске асыратын бюджеттің жоспары болуы керек деген талаптарды ұсынып отыр. Министрлік оның бәрін заңға қосымша актілермен реттеуге уәде берді.
- Бірақ федерациялардың басшысы қазіргідей сайлау арқылы белгілене береді ғой?
- Сайлау арқылы немесе тағайындау арқылы белгіленеді деген мәселені уәкілетті орган тиісті тәртіппен шешуі керек. Федерация басшыларын тағайындау мәселесі бір адамның кабинетінде, бір ғана адамның қол қоюы арқылы шешілмеу керек деген ұстанымды негізге алып отырмыз.
- Білім олимпиадасының жеңімпаздарына да спорт олимпиадасына көрсетілгендей құрмет жасалуы керектігін Президент те айтып жүр. Жаңа заңда бұл мәселе қалай көрініс тапқан? Біздің спортшыларға мемлекет беретін сыйақы тіпті дамыған елдердің көбінде жоқ. Оның сыртында демеушілер мен әкімдіктер сыйақының түр-түрін беріп жатады. Осы бюджеттен спорт жеңімпаздарына берілетін сыйақының тең жартысын білім олимпиадасына бағыттауға болмай ма?
- Бұл енді қоғамда бұрыннан айтылып жүрген мәселе. Біздің де көңілімізге келеді, жүрегімізге батады. Өйткені робот техникасынан әлемнің үш дүркін чемпионы болып келген балаларға құрмет көрсетпек түгіл дұрыс насихаттаған да жоқпыз. Бірнеше басылым қысқа ақпарат берді, сонымен ұмыттық.
Қазір бізде мәдениет туралы заң жобасы қаралып жатыр. Сол заң жобасына осы мәселе бойынша нормалар ұсындық. Егер оқушы қандай да бір пән бойынша халықаралық олимпиададан бірінші орын алса, сол пәннен автоматты түрде «Болашақ» грантын иемденуі керек дегенді айтып отырмыз. Сонда бір жағынан білім олимпиадасының жеңімпаздарына құрмет көрсетер едік. Екінші жағынан білімді жастарды елде сақтай аламыз. Себебі білім сайысының бас жүлдесі тұрмақ халықаралық олимпиадалардан екінші, үшінші орын алған балалардың өзін әлемнің жетекші оқу орындары өздеріне шақырады. Содан кейін ақылды жастардың бәрі неге елде қалмайды деп сан соғамыз.
Әрине, спортшыларды да қадірлеу керек. Бірақ қадірлеу әділетті, бәріне ортақ болуы керек.
- Кез келген заң жобасының экономикалық негіздемесі болады.Мына заң жобасы ертең қабылданып жатса, спорт саласына негізсіз бөлініп келген қанша қаражат үнемделеді? Бәлкім кейбір салаға шектен тыс көп бөлініп, кейбір сала қаржыдан қағажау көріп жатқан шығар. Заң осындай әділетсіздіктерді жоюға қауқарлы бола ма?
- Бюджетті министрліктің өзі жасақтайды. Содан кейін бізге кіргізеді. Мемлекет есебінен қаржыландырылатын спорт түрлерінің азаюынан үнемделген қаражат болса, балалар спортына бұқаралық спортқа бағыттауы керек. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті министрліктің алдына ол мәселені қойды.
- Спорттың маңайында жүрген журналистер үлкен теннис, жеңіл атлетика, бокс сияқты салаларға жауапты федерация басшыларының Париж олимпиадасына дайындалған кезде мойындарына алған медаль міндеттемесін орындай алмағанын айтып жүр. Бірақ жіберген олқылығы үшін жауапкершілікке тартылған ешкім жоқ. Көп болса бас бапкері, федерация басшысы ғана ауысты. Жаңа заң осы Олимпиада алдындағы міндеттемені орындамаудың жауапкершілігін күшейте ме?
- Федерациялардың медаль бойынша міндеттемесі болып, соған сәйкес қаржы бөлінген болса, уәкілетті мемлекеттік орган ол тізімді ашық жариялауы керек деп есептеймін. Себебі тиісті қаржы алып жетістікке жете алмаса, спортшының бабы келіспеді деп жалтару қате. Бюджеттің қаражатын алған кез келген азамат жауап беруге міндетті. Әр сәтсіздігінің объективті себебін қоғамға түсіндірсін. «Оның есебін министрлікке бердік, шенді-шекпенділерге айттық» дегенді қою керек.
Жалпы Заң жобасында 60-тан астам норманы Үкімет қорытындысына жібердік. Соның 80-90 пайызына оң қорытынды алдық. Бұл заң шығару ісінде жақсы көрсеткіш болып есептеледі.
- Бізде федерациялардың мемлекет пен демеушілерден алатын қаржысы төрағасы кім екеніне байланысты сияқты көрінеді. Мысалы, жуықта Қаржы министрі волейбол федерациясына басшы болып сайланды. Қаржы министрі деген бүкіл қаражаттың есеп-қисабы мен билігі қолында тұрған адам. Оның сыртында федерация басшыларының көбі бұрын кемінде облыс әкімі болған немесе министр болған «ауыр салмақты» экс-шенеуніктер. Осы тенденция дұрыс па?
- Ол - сайланып жатқан адамдар Қазақстан азаматы болғандықтан шектей алмаймыз. Меніңше, федерацияға кімнің басшы болып тағайындалғаны емес, қаншалықты нәтижелі жұмыс істегені басты назарда болу керек. Мен түрлі олигархтардың әлі күнге дейін федерацияларды басқарып отырғаны туралы мәселе көтердім. Сондай қалталы төрағалардың көбі федерация жұмысына қомақты қаражат салмаған. Бұл өкінішті.