10:14, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Заң жобасы еліміздегі сот жүйесінің жекелеген буындарын жақсарту арқылы оны жаңғыртуға бағытталған
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қазақстанда сот жүйесін жетілдіру қажет.
Осы мақсатта Үкімет Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заң жобасын әзірлеп, Мәжілістің қарауына берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасында азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау жөніндегі өзінің функцияларын орындауға қабілетті тәуелсіз сот билігі қалыптасты. Қажетті құрылымдық қайта құрулар жүргізіліп, материалдық қамтамасыз ету проблемалары шешіліп, кадр саясаты жетілдіріліп келеді. Сонымен бірге мемлекеттің қарқынды дамуы сот жүйесін одан әрі жетілдіруді талап етеді. Ол тұрақты дамып келе жатқан құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қоғамдық қатынастарға бара-бар әсер ететін болады. Мемлекеттік басшысы 2007 жылғы ақпанның 28-індегі «Жаңа әлемдегі ? жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында «реформалардың аса маңызды бағыттарының бірі ? сот-құқық жүйені жетілдіру болып табылады» деп атап көрсеткен болатын. Ал 2008 жылғы ақпанның 6-сындағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру ? мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Құқық қорғау және сот жүйелері қазақстандықтардың құқықтарын әділ және тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, бизнеске заңсыз араласудан қорғауды қамтамасыз етуге тиіс.» деп көрсете келе, сот жүйесін реформалау қажет екендігін тағы да атап өтті. Ұсынылып отырған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы еліміздегі сот жүйесінің жекелеген буындарын жақсарту арқылы оны жаңғыртуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында оңтайлы үш буынды сот жүйесін құруға бағытталған. Бірінші буын ? аудандық және оларға теңестірілген соттар, олар бірінші саты бойынша барлық азаматтық қылмыстық істер қарайды. Екінші буын ? облыстық және оларға теңестірілген соттар, олар істерді аппеляциялық және кассациялық тәртіппен қарайды. Үшінші буын - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты, ол істерді тек қана қадағалау тәртібімен қарайтын болады. Заң жобасын қабылдау сот төрелігі іске асырылуының тиімділігіне, мемлекеттің құқықтық институттарының одан әрі нығаюына, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізетін болады және осылайша Қазақстанның сот төрелігін іске асыру саласындағы халықаралық стандарттарға жақындауына ықпал етеді.