Заң жұмыс істеп кетуі үшін ол өмірмен байланысты болуы керек -Мәжіліс депутаты Шалатай Мырзахметов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше еліміздің Парламенті бесінші сайланымдағы төртінші сессиясын қорытындылады. Депутаттар бүгіннен бастап еліміздің өңірлерінде сайлаушылармен кездесулер өткізуге аттанып кетті. Іссапар алдында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Шалатай Мырзахметов заң шығару қызметінің кезекті сессиясы туралы ойларымен бөлісті.
None
None

- Шалатай аға, Парламенттің кезекті сессиясы аяқталды. Осы кезеңнің өзіндік ерекшеліктері көп болды. Маңызды саяси оқиғаларға толы болғаны анық. Заң шығару процесіндегі қызметтің ерекшеліктеріне тоқталсаңыз, Сіз қандай қорытынды жасар едіңіз?

- Шын мәнінде өзіңіз айтқандай, бұл сессия бұрынғыға қарағанда ерекшелеу болды. Себебі, біріншіден, өткен сессиялармен салыстырғанда заң жобалары Мәжіліске өте көп түсті. Өткен жылы, есімде бар, 130 заң жобасы жұмысқа қабылданған болатын. Ал бұл сессияда 180 заң жобасы Палатаның қарауына берілді. Оның ішінде 7-8-і жедел қабылдауды қажет ететін заңнамалық актілер болды. Олар дер кезінде мақұлданып, Сенат қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойды және қолданысқа енді. Неге десеңіз, қазір жаһандық қаржы дағдарысы біржола еңсерілді деп айтуға болмайды. Сондай-ақ, жасыратыны жоқ, бүкіләлемдік саяси жағдайдың өзі шиеленісіп тұрғанын білеміз. Соған байланысты бізге халықаралық деңгейдегі көптеген заң жобаларын қарап, қабылдауға тура келді. Айталық, бұл сессиядағы халықаралық келісімдерді, шарттар мен хаттамаларды бекітуді қажет ететін заң жобаларының көлемі барлық қабылданған өзге заң жобаларының үштен екісін құрап отыр десек, қателеспейміз. Өйткені басқа мемлекеттермен болған келісімдер бекітілді, халықаралық конвенциялар заңдық күшіне енді. Мұндай маңызды құжаттарды заңдастырмасақ, біз халықаралық деңгейде басқа мемлекеттермен жасасқан ынтымақтастық байланыстарымыз өзінің заңдылық негізін таппай қалар еді.

Сонымен қатар қаржы дағдарысынан ертерек шығып кету үшін де заңдарға шұғыл өзгерістер енгізу қажет болды. Сол секілді ішкі саяси тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтау үшін бірқатар заңдарды жетілдіру бағытында толықтырулар енгізу ісі қолға алынды. Басқа комитеттерді білмеймін, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамындағы депутаттардың сенбі өз алдына, жексенбі күндері жұмыс істегендері де болды. Заң жобасын талқылауды ертерек бітіру үшін жұмыс тобының отырыстарын тұрақты түрде күніне екі рет, түске дейін және түстен кейін өткізген кездеріміз аз болған жоқ. Менің мақтаныш тұтатыным, біздің комитеттің жігіттерінің ішінде өте білікті заңгерлер көп. Комитет құрамы азғантай ғой, барлығы он бір-ақ адамбыз ғой. Өткен сайланымда да сондай болған.

Депутаттың кәсіби заңгер болғаны жөн. Өзім кәсіби заңгер емеспін. Шаруашылық басшысы болғанмын. Парламентке келгенге дейін шаруашылыққа байланысты заңдарды бір азаматтай білуім мүмкін, ал өмірде араласпаған соң, басқа саланың заңдарын біле бермеймін ғой. Бірақ депутат болып сайланып келген кезімде, қай комитетке баруды қалайтынымды сұрады. Мен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетін таңдағанымда, кейбір әріптестерім: «Сіз онда неге барасыз, ауыл шаруашылығында істеген адамсыз, аграрлық комитетке бармайсыз ба?» деген еді. Алайда, мен өз таңдауымды жасап қойғанымды айта келіп: «Шын мәнінде өмірлік тәжірибем мол болғанымен, менің заңгерлік тәжірибем аз. Мен кілең заңгерлердің ортасына барып, үйренейін, Сіздер заң саласы бойынша институт бітірсеңіздер, мен өмірдің академиясын бітіруге тырысайын»,- деп Заңнама комитетінің құрамында болуды жөн көрдім. Бұл ұстанымым нәтижелі болды-ау деп есептеймін. Жұмыс тобында күн тәртібіне енген заң жобасын талқылаймыз, өз пікірімізді айтамыз, ұсыныстарымызды береміз. Сондай сәттің бірінде, марқұм тірі кезінде Орал Мұхамеджанов жұмыс тобының отырысында менің заң жобасы туралы ойларымды тыңдаған соң: «Бізге алғаш келгенде Шалатай заңгер емеспін дейтін еді, ол бес жылдың ішінде заңгер болып кетіпті ғой!» деп айтып қалған еді. Өзге әріптестеріміз күліп: «Бұл кісіде тәжібибе жетеді ғой» деп жатыр. Сондай сөздің өзі талпынысыма демеу болды. Қолымда заңгерлік диплом болмаса да, осы қоғамға, өмірге байланысты шығарылып жатқан заңдардан біраз хабардар болып қалған сияқтымын.

Басқа комитеттерге қарағанда біздің комитетте заң жобалары заңдық тұрғысында жан-жақты талқылаудан өтеді. Мәжілістің апталық жұмыс кестесін қарап отырсаңыз, біздің комитетте дүйсенбіден жұмаға дейін жұмыс топтарының отырыстары толып тұрады. Ал басқа комитеттерде үш-төрт отырыстың белгіленгенін көруге болар еді. Себебі барлық заң жоба біздің комитет арқылы өтеді. Бұл - бір, екіншіден, бізге күрделі заң жобалары келді ғой. Өзіңіз білесіз, кейінгі жылдары төрт кодекс жаңа редакцияда қабылданды. Өзгерістер мен толықтырулар енгізу бір бөлек. Ал жаңадан заңдар жасап шығару, жаңа кодекс қабылдау үлкен қажыр-қайратты, мол еңбекті талап етеді.

- Заң шығару процесінің күрделі болатыны туралы қандай мысал келтірер едіңіз?

- Өткен сессияға талдау жасап қарасам, көптеген заң жобаларының 50 пайызға дейін өзгеріп, жетілдірілгенін байқадым. Мысалы, қалыңдығы бір елі болып келсе, үш елі болып қабылданады. Неге десеңіз, бізде кейбір заң жобаларына депутаттар тарапынан екі мың жарым, үш мыңға дейін ұсыныстар түседі. Соның барлығын сараптай келіп, 700-800-ден астамын қабылдаған кездеріміз болды. Қаншама жаңа баптар енгізілді? Ал бірақ ол өмірге, қазіргі қоғамға керек. Біз мүмкіндігіміз келгенінше, қабылданған заңдар өмірде жұмыс істеп кетсе дейміз. Ал Заң жұмыс істеп кетуі үшін ол өмірмен байланысты болуы керек. Сондықтан біз көбірек дөңгелек үстел өткіземіз, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін, кей кезде ауылдық жерлерден де білікті мамандарды шақырып, пікір алмасуға қысылмаймыз. Шақырып, ортақ пікірге келіп жүрген жайымыз бар. Мен кейде бір заң жобасы бойынша сол саланың азаматымен хабарласып, пікірін алуға тырысамын. Заңгерлер ойын айтады, біздер соны заңның тілімен, заңға сәйкестендіріп, ұсыныс береміз.

Биылғы сессия өз жұмысыңа өзіңіз қанағаттанған сезімге келетіндей жағдайда аяқталды деп айтуға болады. Кейде жұмыс істеп жүргенде, іштей қанағаттанбай жүресің. Көп нәтижелер болмай қалады, ойларың жүзеге аспай жатса, оған да алаңдайсың. Қос Палатаның бірлескен отырысында Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов өз баяндамасында бізге заң жобаларын ұсынатын Үкімет тарапына біраз сындар айтты. Үкімет басшысы өз құрамымен түгел келіп, тыңдап отырды. Соның бәрі заң жобаларының сапалы болуына қатысты. Заң жобаларын әзірлеушілермен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрміз. Бір-бірімізді түсінуге тырысудамыз. Ең басты мәселе олар да, біз де мұның барлығы елдің, халықтың, мемлекеттің қамы екенін сезінеміз.

Және бір айта кетерлік жайт, осы бесінші сайланымда үш партияның өкілдері бар. Әр партия өзінің ойын айтуға толық құқығы бар. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар да өз алдына бір топ деп есептеуге болады. Олардың да беретін ортақ ұсыныстары бар. Ой әр тараптан келіп, бір ортаға тоғысса, ол шындыққа, ақиқатқа жақын болады, сол арқылы халыққа жақын болады. Сондықтан осы сессиядағы заң шығармашылық жұмыстарымыз көңілімізден шыққандай болды. Бірақ атқарылған істің негізгі сыншысы - халық. Ертең халықпен кездесеміз, ой-пікірін білеміз. Үкіметтен келген заң жобаларының жетпей жатқан тұстарын атқарушы билікке біз қалай айтсақ, халық та бізге өз сынын солай айтады. Жаңа сессияға келгенде, заң жобаларын талқыға салған кезде ескеріп, түзетуге бет бұрамыз.

- Енді халықпен жүздесуге барасыздар. Өзіңіз қай өңірге шыққалы отырсыз?

- Осы жолы Ақтөбе облысына барып, сайлаушылармен кездескелі тұрмын. Біздер «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі болғандықтан, осы партияның жергілікті филиалдарымен хабарласып тұрамыз. Ақтөбенің шалғай жатқан Байғанин деген ауданы бар. Сол ауданға баруды жоспарлап, «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалына өтінішімді жеткіздім. Олар қабыл алды. Алға, Қандыағаш ауылдарын басып өтіп, Байғанин ауданына барамыз. Сонымен қатар Ресеймен шекарада жатқан аймақ қой деп Мәртөк, Жайсаң деген мекендерге де барамыз. Оның үстіне осыдан 40-45 жыл бұрын Байғанин ауданында еңбек жолымды бастап едім ғой. Ол жердің табиғатын, халқын білемін. 40 жыл бұрын қандай еді, қазір қалай екен деп салыстырмалы түрде қарауыма мүмкіндік туып отыр. Аудан әкімімен телефон арқылы сөйлестім. Ол іссапар бағдарламасын айтты, мен: «Мүмкіндігі болғанша, ауылдарды көбірек аралағым келеді, өзім шаршауға жоқ адаммын, қарапайым жүргенді ұнатамын. Жігіттеріңіз даңғаза жасап, концерт ұйымдастырудың керегі жоқ. Халықпен көбірек жүздесіп, пікірлессек, аймақтағы жағдаймен таныссақ, ол сапарымыздың нәтижелі болғаны. Сондай-ақ кәсіпорындарды көрейік» деген ойымды жеткіздім. Өздері де сондай бағдарлама жасап жатыр екен.

- Сапарыңыз сәтті болсын, қызметіңізге табыс тілейміз.

Соңғы жаңалықтар