Заңбұзушылыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлер бірден қызметінен босатылады - БҚО

Бұл туралы 21 қаңтарда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Батыс Қазақстан облысындағы тәртіптік кеңесінің төрағасы Әкімгерей Серғалин мәлім етті.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік қызметкерлер саны 4150 адамды құрап отыр. Олардың орта жасы 39 болса, қыз-келіншектердің үлесі - 55,6 пайыз. Мемлекеттік қызметке сұраныс жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылы бір орынға 5 адамнан келген. Сондай-ақ тәртіптік жауапкершілікке тартылған төрт қызметкер жұмыстан шығарылса, 317 қызметкерге ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған.
-Жыл соңында болған қысқартуға 426 адам ілікті. Тағы 35 адам жағымсыз қылықтары, 8 қызметкер сыбайлас жемқорлыққа жол бергені және 17 маман аттестациядан өте алмағаны үшін жұмыстан босатылды. Биылғы жылдың өз ерекшеліктері бар. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР заңдарына енгізілген өзгерістер ағымдағы жылдың 21 қаңтарынан бастап күшіне енді. Оған сәйкес заңды бұзған мемлекеттік қызметшілерге қолданылатын жаза қатаңдатылды. Биыл заңбұзушылықтар азайып, мемлекеттік қызметтегі заңдылық күшейе түсетініне сенім мол, - деді аталмыш кеңес төрағасы.