Заңға бастамашылық, референдум ұсыну, жыл сайынғы сессия – Халық Кеңесі қалай жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM – Халық Кеңесі – халықтың мүдделерін білдіретін жоғары консультативтік орган болады. Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Халық кеңесінің жұмысы туралы Конституцияға қандай өзгерістер ұсынылғанын баяндады.
Оның айтуынша, Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады.
– Біріншіден, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет. Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырлатындығын қамту керек, - деді Е. Жиенбаев елордада Конституциялық сот ғимаратында.
Оған қоса, Халық Кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары – қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайту, мемлекет қызметінің қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі негізгі өкілеттіктерін регламенттеу қажет.
Президент Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. Бұл да Конституцияда бекітілуге тиіс.
Сонымен бірге, Халық Кеңесін Қазақстан Республикасының Президентіне республикалық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізу құқығымен қамтамасыз ету ұсынылады.
− Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады. Осылайша, Халық Кеңесі Қазақстан Халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды, - деді Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі.
Бұған дейін Е. Жиенбаев Вице-президентке қойылатын талаптардың үлгісін жариялаған еді.
Jibek Joly арнасы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысын тікелей эфирде көрсетеді.