Заңғар Нұрланұлы алғаш рет Алматыдағы ATP турнирінде бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық жас теннисші Заңғар Нұрланұлы 19-25 қазан аралығында өтетін Almaty Open ATP 250 турниріне шақырту алды.
Бұл Заңғардың осындай деңгейдегі алғашқы жарысы болмақ. Осыған орай 18 жастағы теннисші өз ой-пікірін білдірді.
— ATP турниріне шақырту алу — мен үшін үлкен құрмет және спорттық жолымдағы маңызды қадам. Мұндай мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын, осы орайда мені қолдағандардың бәріне алғысымды білдіремін. Бұл турнирдің мен үшін орны ерекше. Өйткені ол өзім туып-өскен Алматы қаласында өткелі жатыр, — деді Заңғар Нұрланұлы.
Теннисші сондай-ақ осындай мүмкіндік жасап, сенім артқаны үшін Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовқа алғысын айтты.
— Әрине, мені алда мықты қарсыластар мен үлкен сынақ күтіп тұрғанын түсінемін. Бірақ мен әр ұпай үшін күресіп, бар күшімді салып, үздік өнерімді көрсетуге дайынмын. Бұл мен үшін алғашқы ATP турнирі ғана емес. Сонымен қатар тәжірибе жинақтап, өз шеберлігімді байқап көріп, кәсіби мансабымда алға бір қадам жасауға берілген мүмкіндік деп білемін, — деп қосты Заңғар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Қытайдағы жарыста ширек финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Қытайдағы Ухань турнирінде Рыбакинаның рейтингідегі басты қарсыласы жеңіліп қалды.
Александр Шевченко Қытайдағы турнирдің ширек финалына шықты.