Заңғар Нұрланұлы Almaty Open турнирінде әлемнің 72-ракеткасынан жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы ATP 250 санатындағы Almaty Open турнирінің негізгі кезеңіндегі алғашқы кездесуін өткізді.
ATP әлемдік рейтингінде 1308-орында тұрған 18 жастағы қазақстандық спортшы ұйымдастырушылардың арнайы шақыртуымен (wild card) негізгі кезеңге қатысу мүмкіндігін алды. Оның қарсыласы әлемдік рейтингте 72-орында тұрған чехиялық Томаш Махач болды.
Чехиялық теннисші отандасымызды 6:2, 6:0 есебімен жеңді. Матч 1 сағат 3 минутқа созылды.
Ойын барысында Нұрланұлы тәжірибелі қарсыласының жоғары қарқынына төтеп беруге тырысты. Махач сегіз эйс жасап, сегіз брейк-пойнттың алтауын сәтті пайдаланды.
Қазақстандық теннисші алты виннер жасап, 15 қос қателік жіберді және төрт брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Еске салайық, Заңғар Нұрланұлы Almaty Open турнирінің жұптық сынына да қатысып, Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликпен бірге өнер көрсетті.