Заңғар Нұрланұлы Азия теннис федерациясы рейтингісінде көш бастады
АСТАНА. KAZINFORM - Азия теннис федерациясының 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында жаңартылған рейтингісінде Заңғар Нұрланұлы бірінші орынға көтерілді.

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, 15 жасар теннисші ұпай санын 2 610-ға жеткізді.
Мамыр айында жасөспірімдер арасында Дэвис кубогінің Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы сапында Заңғар жекелей сында алты кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Ол қарсыластарына бірде-бір сет берген жоқ.
Қазіргі кезде Заңғар Нұрланұлының еншісінде ITF Junior жарыстарында жеңіп алған 4 титулы бар, соның үшеуінде жекелей, біреуінде жұптық сында қол жеткізген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жасөспірім теннисшілердің Азия чемпионатының финалдық кезеңіне шыққанын жазған болатынбыз.